Маңғыстау облысында мал суару үшін ұңғымаларды бұрғылауға бөлінетін субсидиялар көлемі 80% артты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық Қоғамдық коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Жайылымды суландыру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету үшін қазылған ұңғыманың 375 метр тереңдігіне дейін субсидияланады. Әрі қарай тереңдігін шаруа өзі төлейді. 1 метр 70 000 теңге болса, 80%-і субсидияланады. Инвестициялық салымдарды өтеу республикалық бюджеттен – 50 % және жергілікті бюджеттен 30 % қаражат беріледі. Бір құдықты суландыру көлемі 2 мың гектарға дейін жайылымды құрайды. Субсидиялауға өтінім берген сәтте бір құдыққа кемінде 50 шартты ірі қара мал басының болуы қажет. Сонымен қатар, су көтеретін сорғы және электр станциясын (бензинді немесе дизелдік генератор) субсидиялау қарастырылған,-деді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрғали Буханов.
Субсидия алуға қажетті құжаттар тізімі:
1) Сатып алушы мен жеткізуші арасындағы жабдықтарды пайдалануға беру актісінің көшірмесі (жабдықтар сатып алу кезінде);
2) Ауыл шаруашылығы техникасын, арнайы техника мен технологиялық жабдықтарды қабылдап алу-беру актілерінің көшірмелері;
3) Техниканы, машинаны және жабдықты өндіруші паспортының, сәйкестік сертификатының немесе техникаға, машинаға немесе жабдыққа сәйкестік туралы декларацияның көшірмелері;
4) Инвестициялық салымдарды растайтын, сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша сатып алу-сату шарттарының, электрондық және/немесе қағаз түріндегі шот-фактуралардың, төленген төлемді растайтын құжаттардың көшірмелері.
Жалпы, 2014-2021 жылдары аралығында облыста 448 құдық субсидияланған. Оның ішінде, Қарақия ауданында 192, Түпқараған ауданында 124, Маңғыстау ауданында 88 құдықтың шығыны қайтарылған.
Айта кетейік, 2021 жылдың 22 қыркүйегінде ҚР Президенті Қ.Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте ҚР Үкіметіне, Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін құдықтарды бұрғылауға кеткен шығындарын субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.