Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің жеке құрамы Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханаға барды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қызметкерлер арасында кітап оқу үрдісін ұйымдастырып, олардың рухани дамуына жағдай жасау - басты негіз. Іс-шара барысында қызметкерлер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.
«Үнемі қызметте жүретін мемлекеттік қызметкерлер демалыс күндері ғана кітапханаға келе алады. Бүгін Департаменттің қызметкерлері бірігіп кітапханаға арнайы келіп отырмыз. Кітап бар жерде рухани өмір бар. Кітапхана барлық білімнің бастауы. Сондықтан біздің қызметкерлер алдағы уақытта да ұжыммен, отбасымен кітапханаға келеді деп ойлаймыз», деді Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали.
Айта кетейік, кітапханадағы 500 мыңнан астам кітап қоры әр түрлі тақырыпта ақпарат алуға мүмкіндік береді. Шара соңында Департамент ұжымы кітапханашыларға алғыс білдірді.