Маңғыстау облысының «Антикор орталығында» «Ашық есік күні» өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облысы бойынша филиалының меңгерушісі Айгүл Демеуова, қоғам өкілдері, студенттер мен журналистер қатысты. Іс-шараға қатысушылар Антикор орталығының қызметімен, сондай-ақ жалпы департаменттің негізгі міндеттерімен және жұмыс нәтижелерімен танысты.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали «Антикор орталығы» азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында оларды кедергісіз қабылдауға арналған ашық алаң екенін атап өтті.
Сондай-ақ студенттерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттары мен мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі түсіндірілді.
Шара соңында қатысушылар әлеуметтік бейнероликтерді, суреттер көрмесін тамашалап, естелік суретке түсті.
«Тыңдаушы мемлекет» және «2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат» тұжырымдамаларына сәйкес Антикор орталығы халыққа қызмет көрсетуді жалғастырады.