«Газель» көлігінің жүргізушілері Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Газель Маңғыстау» клубының белсенділері Ақтаудағы гипермаркет маңында жиналған. Белсенділердің айтуынша, су басқан аумақтардың тұрғындары үшін ең қажетті заттар - киім, тез бұзылмайтын азық-түлік, дәрі-дәрмек, жеке гигиена құралдары және басқа да заттар.
- Ең бастысы, зардап шеккендерге тез бұзылмайтын азық-түлік, балаларға арналған киім-кешек, кеңсе тауарлары мен мектеп формасы артық болмайды. Барлық қажетті зат жиналған соң жолға шығамыз. 10 шақты жүк көлігі аттанады. Жүргізушілер тегін көмек көрсетуге дайын. Бәріміз де мұқтаж адамдарға көмектескіміз келеді. Барлығы ортақ іске үлес қосқысы келеді деп ойлаймын, – дейді «Газель Маңғыстау» клубының әкімшісі Нұржан Молдамұратов.
Нұржан Молдамұратовтың айтуынша, гуманитарлық көмек екі-үш күннен кейін БҚО-ға жөнелтіледі.
– Шаруашылық тауарлары мен бұйымдарынан бөлек, материалдық көмек көрсету үшін қор аштық. Маңғыстаулықтар бүгінге дейін бір жарым миллион теңгеге жуық қаражат жинады. Қаражаттың барлығы су тасқынынан зардап шеккен кішкентай балалары бар отбасыларға көмек ретінде жұмсалмақ. Бұл көмек адамдарға өте қажет, өйткені олардың жағдайы өте қиын. Қасиетті Рамазан айында мұқтаж жандарға көмек көрсету маңызды, - деді Нұржан Молдамұратов.
Гуманитарлық көмекке қаражат жинау 8 705 260 47 44 телефоны арқылы орындалып жатыр.
Байланыстағы тұлға – Нұржан Молдамұратов.
Ал, БҚО-ның алты ауданында жағдай шиеленісіп тұр. Батыс Қазақстан облысында күн күрт жылыну салдарынан 140 үй мен 2 әлеуметтік нысанды еріген су басып қалды. 168 бас ірі қара мал өлді. Су басқан үйлерден 750 адам эвакуацияланды, оның ішінде 215 бала бар. Су тасқынының алдын алу шараларына барлығы 770-тен астам адам мен 99 техника жұмылдырылған.