Аймақ басшысының жұмыс сапары Сай-Өтес және Жыңғылды елді мекеніне жалғасты. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сай-Өтес ауылының тұрғындарымен кездесу барысында ауылдық округ әкімі Нұржан Бөкенбаев жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баяндап, 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде жиналғандарды өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, сауалдарға жауап беріп, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуде тұрғындар әлеуметтік сала, мал шаруашылығы, ветеринарлық қызметтің сапасы, денсаулық сақтау және т.б. салалардағы мәселелерді көтерді. Өз кезегінде аймақ басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
Сондай-ақ жиын барысында Нұрлан Ноғаев жеке қабылдауына әйел азаматшалардың балаларына немесе немерелеріне жұмыс сұрап келуі жиі кездесетінін атап өтті.
- Маған әжелеріміз, аналарымыз ер жеткен ұлдарына, немерелеріне жұмыс сұрап келеді. Ұлыңыз, немереңіз қайда деп сұрасаң, «Үйде отыр» деп жауап береді. Менің ойымша, бұл дұрыс әдет емес. Осындай «қамқорлық» көрсету арқылы біз балаларымыздың болашағына «қиянат» жасап жатырмыз. Біздің ұрпағымыз бәсекеге қабілетті және тәуелсіз болуы керек. Бұл - олардың осы заманда табысқа жетуінің жалғыз жолы. Отан - отбасынан басталады. Сондықтан жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Баланың бойына әділдік, сыйластық, еңбексүйгіштік сияқты қасиеттерді сіңіру керек. Білімді, білікті ұрпақ тәрбиелеп шығарсақ, олар қазірден бастап мемлекетімізге сенімді тірек болады. Осы орайда алдымызда бірқатар міндеттер тұрғанын, оны сіз болып, біз болып тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана шеше алатынымызды атап өткім келеді, – деді Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар өңір басшысы Жыңғылды ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізіп, ауыл әкімі Сағыныш Күзенбайұлының жылдық есебін тыңдады.
Кездесуде жыңғылдылық тұрғындар ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету, абаттандыру, көгалдандыру мәселелерін көтерді. Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жиналғандарды өңірде атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етіп, сауалдарына жауап берді.
Есеп беру кездесулерінен кейін облыс әкімі облыс әкімі Сай-Өтес және Жыңғылды ауылдарының азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.