Әскерлерді тексеру қысқы оқу кезеңі аяқталғанша жүргізіледі. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскердің жауынгерлік дайындығын түбегейлі арттыру жөніндегі міндеттерін іске асыру шеңберінде бұл шара жаңа пішінде өтуде, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Бас штабтың жоспарына сәйкес, құрамалар мен әскери бөлімдер оқу дабылымен көтерілді.
Бөлімшелер практикалық оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайтын полигондарға темір жол көлігімен, жауынгерлік техникамен жетуді орындайды.
Полигондарда тактикалық, оның ішінде түнгі жағдайда да оқу-жаттығулар мен атыстар өтеді. Бұдан өзге, бөлімдердің белгіленген мерзімде жүктелген тапсырмаларды орындау үйлесімділігі мен қабілеті, әскери қызметшілердің оқытылуы, сондай-ақ командирлердің бағынысты және сеніп тапсырылған бөлімшелерді басқара білуі бағаланатын болады.
Қарулы күштердің барлық құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ әскери басқару органдары тексеріледі.