Жаңаөзен қаласының тұрғыны Жұлдыз Сәулебай киіз басып, текемет, алаша, бау-басқұр тоқиды. Ұлттық өнермен өзі ғана айналысып қоймай, шәкірт баулып жүр,- деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Жаңаөзен қаласындағы №15 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі Жұлдыз Сәулебай қазақтың байырғы киіз басу, текемет тігу өнерін дамытуды қолға алған. Ол құрғақ және ылғалды әдісті пайдаланып, киізге ұлттық ою-өрнек салады. Оның ішінде қошқармүйіз, сыңармүйіз, түйетабан, қармақ, қосмүйіз, қазмойын, төртқұлақ оюларын жиі қолданады. Шебердің бұйымдарына бүгінде сұраныс көп. Ол киіз бен текеметтен бөлек, алаша, бау-басқұр тоқиды. Мұның барлығын анасынан үйренген.
-Ауылда күз айында жаппай жүн сабап, киіз басу науқаны болады. Қатарлас қыздармен бірге ауылда кімнің үйінде жүн сабап, текемет басып жатса көмектесетінбіз. Мен текеметтің оюын ойып беретінмін. Осылайша шеберлігімді шыңдай бердім,- деді шебер Жұлдыз Сәулебай.
Бұдан бөлек, Жұлдыз жеке тігін шеберхана ашқан. Ол қыз-келіншектердің сұранысымен бешпет, камзол, кәжекей, көйлек тігумен айналысады. Осылайша шеберханада төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның бұл еңбегінің барлығы еленіп, 2017 жылы облыс әкімінің «Жыл үздігі-2017» байқауына қатысып, «Ұлттық дәстүрді насихаттаушы» номинациясы бойынша марапатталған.
Жиырма жылдық тәжірибесі бар жоғары білімді, педагог-зерттеуші санатты ұстаз ұлттық өнермен өзі ғана айналысып қоймай, бұл кәсіпке шәкірт баулып жүр. Бүгінде оқушылары республикалық, облыстық, қалалық байқауларға қатысып, көптеген жетістіктерге жеткен.
Ұстаз аталған жетістіктермен шектеліп қалмақ емес. Әлі де шығармашылық ізденіс үстінде.