"Каспий" су тұщыту зауытының ғимаратында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланған көшпелі жиын өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында Ақтау қаласының және Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарының әкімдері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев, "Каспий" су тұщыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов ауыз сумен жабдықтау саласында атқарылған жұмыстар және туындаған мәселелер бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, ауыз су өндірісінің көлемін арттыру, өнім сапасы, халықтың суды ұтымды пайдалануы және т.б. мәселелер талқыланды.
Өңірдегі ең басты мәселе - су тапшылығының артуы. Біз бұл мәселені неғұрлым тезірек шешсек су ресурстарымыз соғұрлым көбейеді. Баршамызға аян Маңғыстаулықтарға ауыз су үлкен қиындықпен беріледі. Жасыратыны жоқ, көбіміз ауыз суды көлік жууға, аула суаруға және т.б. үшін пайдаланамыз. Бұл үлкен қателік. Бізге ауыз суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажет. Біз суды ақылмен жұмсап, сол арқылы болашақ ұрпаққа қамқорлық жасауымыз керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Жиын барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, "Тұрмыс сервис", "Маңғыстау жылу" МКК бөлімдерінің мамандарына сөз берілді. Бұдан бөлек, "Каспий" су тұщыту зауытына берешегі бар коммуналдық кәсіпорындарының мәселесі де көтерілді.
"Каспий" су тұщыту зауыты "Тұрмыс сервис" МКК-на 1 текше метр суды 196,9 теңгеден өткізеді. Алайда "Тұрмыс сервис" МКК бекітілген тарифіне сәйкес Қарақия ауданының тұрғындарына 1 текше метр су 167 теңгеден сатылады. Бұл, сөзсіз коммуналдық кәсіпорынның "Каспий" су зауытына берешегін ұлғайтады. Қазіргі уақытта "Тұрмыс сервис" МКК қарызы 173 млн.теңгеге жетті. Айта кету керек, ауылдық жерлерде 1 текше метр ауыз су тек 30 теңгеден сатып алынады. Ал қалған соманы мемлекет субсидиялайды. Бұл ретте ауылдық елді мекендердің тұрғындары мемлекет көрсететін көмекті дұрыс түсінуі тиіс. Суды ретсіз жұмсауға болмайды, - деді Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков.
Нұрлан Ноғаев тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Маңғыстау облысына сапары кезінде "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" кешенін жаңғырту жөніндегі жедел іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, "Каспий" су тұщыту зауытының қуатын арттыруды тапсырды. Бұл жобаларды біз 2022 жылдың соңына дейін аяқтап үлгеруіміз керек. Сумен қамтамасыз ету ісіне қатысы бар азаматтарды осы міндетке назар аударуға және үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамын, - деп толықтырды Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, облыс әкімі "Каспий" су тұщыту зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Нұрлыбай Аққұлов өңір басшысына теңіз суын тұщыту үшін қандай көп сатылы жүйеден өтетіні туралы баяндады.
2020 жылы Үкіметтің хаттамалық тапсырмасын орындау аясында "Тәулігіне 20 000-нан 40 000 м3 ауыз су өндірісін ұлғайту бойынша Ақтау қаласындағы "Каспий" су тұщыту зауытын кеңейту" жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасының қорытындысы алынды.
Жобаның жалпы құны 12,6 млрд.теңгені құрайды. Оның 7,55 млрд.теңгесі су тұщыту қондырғыларын сатып алуға, қалған 4,49 млрд. теңгесі құрылыс – монтаж жұмыстарына бағытталған. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары 50% - ға аяқталды. Жоба осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.