Бүгін Сақып Керелбаевтың өмір жолына арналған "Сақып. Сардар" атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Фильм Сақып Керелбаевтың балалық шағынан бастап студенттік кезеңге, қызмет қиясына, азаматтық болмысы мен елге деген сүйіспеншілік қасиеттеріне сапар шегеді. Содан кейін Маңғыстауға облыс деген статусты алу жолындағы еңбегі айтылады.
Әрі қарай деректі фильмнің "Мазасыз шақ" бөлімінде Сақыптың сырқатқа шалдығып, аурумен күрескені жайлы айтылады.
Фильмге Сақып Бүркітбайұлының үзеңгілес, қызметтес достары мен аға-іні, қарындастарының айтқан есті естеліктері арқау болды.
Туынды соңында басты кейіпкердің немерелері ата өнегесін, нақыл сөздерін жатқа айтып, көпке арнады.
Айта кетейік, аталған деректі фильмді түсіруге інісі Асқарбек Керелбаев идея тастаған. Ал фильмді Алмас Алтай бастаған шығармашылық топ түсірді.
Деректі фильмнің тұсаукесерінен соң Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова мен ҚР Парламентінің Сенат депутаты Бақтыбай Челпеков сөз сөйледі. Сондай-ақ Сақып Бүркітбайұлының туыстары атынан Нұрпейіс Мизамбайұлы сөз сөйлеп, Сақыр атын жоғалтпай, жақсы естеліктермен бөліскен жұртшылыққа алғыс айтты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН