Жаңаөзен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Арман Шәріп АҚШ-тың «Illenois Wesleyan» университеті және Белгия еліндегі «KU Leuven» университетінің білім грантын жеңіп алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Illenois Wesleyan» университетіндегі «ағылшын филологиясы» мамандығының грант сомасы 4 жылға 160,000$ құрайды.
Мен бұл жетістікке жету үшін талмай еңбектендім. 2,5 жылдан бері кәсіби бағдар беретін мұғаліммен жұмыс жасадым. Халықаралық деңгейдегі TOEFL емтиханынан - 92, SAT емтиханынан – 1370 ұпай жинап, жоғары көрсеткіштің арқасында білім грантына ие болғаным сол жұмыстардың арқасы деп ойлаймын,- дейді Арман Шәріп.
Арман білім алатын оқу орнын әлі таңдамапты. Тағы бірнеше шетелдік университеттегі білім гранты байқауларында бақ сынаған. Сол оқу орындарынан жауап күтіп жүр. Жауап келгеннен кейін нақты қай университетке оқуға түсетіні белгілі болмақ.
Бельгиялық «KU Leuven» университеті әлемнің топ-100 жоғары оқу орындары қатарына кіретінін ерекше атап өту керек. Арман өзі ізденісті жақсы көретін, ішкі мотивациясы өте жоғары, қойған мақсатына жету үшін ерінбей еңбек ететін оқушы екенін айтқым келеді. Бұл жетістігі де сол қасиеттерінің жемісі,- дейді Арманның жетекшісі Нұрзат Әбілда.
Арман Шәріп лицей тарихында АҚШ және Бельгия университеттеріндегі білім грантына ие болған алғашқы оқушы. Бұған дейін оқу ордасының түлектері арасында Литва Республикасының Vytautas Magnus университетінің грантын жеңіп алған оқушылар болған еді.
Арман Шәріп – «Алтын белгіге» үміткер, көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Жас түлек экологияны қорғау мәселесіне де көңіл бөледі. Арман - мектепішілік басқару жүйесінің мүшесі, оқу ордасының мақтанышы.