Өңірде мұндай алаң салу туралы бастама өткен жылдың қазан айында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың мүмкіндігі шектеулі жандармен өткізген кездесуінде көтерілген болатын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл идеяны жүзеге асыру үшін өңір басшысы тарапынан бірқатар тапсырма берілген еді. Олардың бірі - мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы ойын алаңын орнату. Ақтауда салынған бұл алаңға қажетті қаражатты демеушілер жинады.
"Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Қазірдің өзінде бізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алаңның тағы бір жобасы бар, ол да дәл осы жағалауда орнатылатын болады. Мұнда балалардың жасы мен санына ешқандай шектеу жоқ. Барлық бала ойнай алады, алайда бұл алаңның ерекшелігі бар балаларға арналғанын түсінуіміз керек. Барлық әткеншек және басқа да ойын элементтері пандустармен, көтергіштермен, арнайы құрылғылармен жабдықталған", - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Алаңды салуға қаладағы компаниялар да, қарапайым жеке азаматтар да қолдау көрсеткен.
"Қалалық әкімдік аймақтағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алғашқы алаңның құрылысына демеушілік ету туралы ұсыныс жасады. Менің отбасым бұл ұсынысты бірден қолдады. Біз осындай игі істің жүзеге асырылғанына өте қуаныштымыз және осындай қажетті алаңның Ұлыстың ұлы күнінде ашылуының өзіндік мәні бар", - деді кәсіпкер Арсен Буребаев.
Жергілікті билік тұрғындарды ойын алаңындағы жабдықтарға ұқыпты қарауға және бұл алаң ең алдымен ерекше балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналғанын ұмытпауға шақырады.