Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Бейнеу ауданына жұмыс сапарының үшінші күнінде аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралады. Өңір басшысы аудан әкімінің есеп беру кездесуіне қатысып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жастармен кездесті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі жұмыс сапарының үшінші күнінде "Әділ сүт зауыты" ЖШС жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта кәсіпорын тек шалап сусынын өндіреді. Серіктестік құрылтайшысының айтуынша, алдағы уақытта шұбат, құрт және сүзбе шығаруды жоспарлап отыр. Зауыттың қуаттылығы күніне 10 тоннаны құрайды. Бүгінде компанияда 50 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын қызметін ұлғайтқанда қызметкерлер санын 100-ге дейін арттыруды көздеп отыр. Шикізат Петропавл қаласынан тасымалданады.
Сондай-ақ, облыс әкімі Бейнеу аудандық орталық ауруханасын аралап, медицина қызметкерлерімен кездесті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда 2314 бала дүниеге келді.
Бүгінде аудан халқының 54,5% КВИ-ге қарсы екпенің І компонентін алған,ІІ компонентімен 50,0%егілген. Ревакцинациямен 3147 адам қамтылды. Аймақ басшысы халыққа вакцинация мен ревакцинацияның маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар, Нұрлан Ноғаев Орталық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Облыс әкімімен кездесуге келген аудан халқы жұмыссыздық, коммуналдық төлемдердің қымбаттауы, жаңа вокзал салу, Боранқұл ауылынан газ өңдеу заутын ашу, медицина қызметіне қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Ауданда жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 3659 адам жүгінген. Халықтың аз қамтылған топтарын қолдау мақсатында жыл басынан бері 555 отбасы, яғни 3328 адам 231,2 млн теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алды.
Жиын барысында өңір басшысы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Біз Президентіміз айтып өткендей "Жаңа Қазақстанды" құруды бастадық. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды жаңғырту, даму жолында туындайтын қиындықтарды еңсеру. Біз барлығымыз еліміздің және өскелең ұрпақтың болашағы үшін жауапты екенімізді түсінуіміз керек.
“Жаңа Қазақстанды" құру тек әкімдіктің, атқарушы биліктің, органдардың жұмысы емес, бұл бүкіл халықтың ісі. Оған республиканың әрбір азаматы үлес қосу керек, - деді Нұрлан Ноғаев.
Халықпен кездесуден кейін Нұрлан Ноғаев жеке мәселесімен келген азаматтарды қабылдады.
Жұмыс сапары бырысында Нұрлан Ноғаев бейнеулік жастармен кездесті. Бұл шара бейресми, еркін форматтағы пікіралмасу алаңы ретінде ұйымдастырылды.
Облыс әкімімен кездескен жастар, өз кезегінде түрлі сұрақтарын қойды. Сауалдар негізінен әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, еліміздің өзге өңірлерімен рухани байланыс өзгерту, жастарға арналған әлеуметтік нысандар салу мен қолжетімді спорт залдары төңірегінде болды.
Нұрлан Ноғаев еліміздің болашағы жастардың қолында екенін атап өтіп, бүгінгі күні білімді, білікті, бәсекеге қабілетті жастарға барлық жолдың ашық екенін айтты.
Өзіңіздің үйреншікті, жайлы аймағыңыздан шығыңыз, бағыңызды басқа салада немесе аймақта сынап көруден қорықпаңыз. Бәсекелестік – прогрестің қозғаушы күші , қазіргі жоғары технологиялар дәуірінде бұл бұрынғыдан да өзекті. Қозғалыс пен батыл шешімдерден қорықпаңыз, ой-өрісіңіз қаншалықты кең болса, соғұрлым үлкен жетістікке жете аласыз деді, - Нұрлан Ноғаев.