Маңғыстау облысының Бейнеу жол дистансасындағы 300-ден астам теміржолшы жалақыны 100 пайызға көтеруді сұрайды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жұмысшылардың айтуынша, ең аз жалақы 180 мың теңге. Дегенмен, рельстерді жөндейтін ауыр жұмысқа бұл еңбекақы сай емес дейді олар. Былтырдан бері басшылыққа бірнеше рет арыз жазған жұмысшылар енді ел Президентінен көмек сұрайды.
Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жұмысшылардың заңды талаптарын орындатуға ықпал етуіңізді сұраймыз және жұмыс беруші тарапынан заңсыз қудалау болған жағдайда жұмысты тоқтатуға мәжбүр боламыз, - дейді теміржолшылар.
Шойын жолдың қауіпсіздігін қадағалап, рельстерді жөндейтін теміржолшы азаматтардың сөзінше, қызметтік көлік тым ескі, демалыс бөлмесінің күйі нашар. Жұмыс істеу үшін берілген техникалар да ескірген дейді азаматтар.
Редакция «ҚТЖ» басшылығынан жауап күтіп отыр.
Махаббат Нұржанқызы