Бейнеу дистансасындағы теміржолшылардың жалақыны көтеру туралы мәселесіне «ҚТЖ» АҚ жауап берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Акционерлік қоғам соңғы 2 жылда өндірістік персоналдардың жалақысы орта есеппен 53%-ға өскенін мәлімдеді. Былтыр компанияда өндіріс қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 63 млрд теңге жұмсалыпты. Компания ақпаратына сүйенсек, жалпы сомасы 22 млрд теңгеден астам сыйақы төленген. Биыл өндірістік қызметкерлер жалақысын көтеруге 70 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті.
Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 2-9 разрядтағы өндіріс қызметкерлерінің жалақысы 40 мың теңгеге, 10-13 разрядтағылар жалақысы 35 мың теңгеге, 14-19 разрядтағылар жалақысы 30 мың теңгеге ұлғайтылды. Қазіргі таңда облыста арнайы комиссия түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр, - дейді «ҚТЖ» АҚ Магистральдық желі дирекциясының адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Дархан Төкенов.
Сондай-ақ, «ҚТЖ» мәлімдемесінде өндірістік қызметкерлерді тасымалдау үшін компания 2013-2014 жылдары 165 бірлік автомобиль техникасын сатып алғанын көрсеткен.
«Бейнеу ПЧ-сі үшін 4 Камаз бөлінді. Автомашинаның техникалық жарамды күйде ұсталуына және жолаушыларға арналған салонды жинап күтуге жүргізуші жауапты болады. Осы мәселе бойынша мүлікке қалай болса солай қарамау және жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін жауапты қызметкерлермен әңгімелесу жүргізілетін болады», - делінген ведомства хабарламасында.