Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров хабарлады.
Спикердің айтуынша, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Рахат және Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы басталған.
2021 жылы Рахат ауылының «Мерей» шағын ауданында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды. Биыл пайдалануға беріледі. Ал Қызылсай ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Нысан жаңа технологиялармен жабдықталды. Енді халық алысқа ұзамай-ақ, керекті ем-домын осында ала алады. 10 керуеттік күндізгі стационар бар. УДЗ апараты жұмыс жасап тұр, стаматологиялық кабинет іске қосылып, балалар және жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеді. Клиникалық зертхана бар. Алдағы уақытта жылжымалы флюрография жабдығын алу жоспарланған, - деді Мақсат Ибағаров.
Сондай-ақ, Жаңаөзенде қалалық туберкулез диспансерінің ғимаратын жедел-жәрдем станциясы етіп, соңғы үлгідегі жарақтандырылған ғимаратқа көшіру мақсатында, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамының қолдауымен 50 орындық стационары бар медициналық орталықтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде және қалалық орталық ауруханаға 2 күмбезді операциялық шам, операциялық мобильді үстел, әмбебап операциялық үстел, хирургиялық құралдар жиынтығы сатып алынған.
Денсаулық сақтау ұйымдарына 58 дәрігер, 10 фельдшер жұмысқа қабылданды. Жыл басынан басқа өңірлерден 5 дәрігер маман тартылды. Мамандар Нұр-Сұлтан, Қарағанды және Тараз қаласынан шақыртылған.
Қазіргі кезеңге 86 дәрігер жетіспейді. Олардың қатарында неонатолог, реаниматолог, лор, окулист, невролог, онколог, инфекционист, пульмонолог, аллерголог, ревматолог мамандары бар. Бұл жұмыс орындары жас мамандармен және басқа өңірдегі мамандарды жұмысқа тарту арқылы толықтырылмақ.