Жұмыс сапарының алғашқы күні өңір басшысы Бейнеу ауданының Сарға ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралады.
Сарға ауылында 292 отбасы(1610 адам) тұрады. Ауылда бір дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, балабақша және 2 жалпы орта білім беретін мектеп бар.
Өңір басшысы Ә.Жангелдин атындағы жалпы білім беретін мектеп пен Бейнеу мектеп – интернатының жағдайын және мекемелердің материалдық-техникалық базасын тексерді.
Бейнеу мектеп-интернатында барлығы 108 оқушы оқиды. Сарға ауылынан 54 оқушы және көрші елді мекендерден 54 оқушы (33 ұл, 21 қыз) мектеп интернатында тұрады. Мектепте 32 мұғалім және 11 тәрбиеші жұмыс істейді.
Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев Сарға ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында ауыл әкімі Еміл Тұрлан жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Содан кейін Аудан әкімі Әбілов Бейнеубек ауыл бойынша өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде тұрғындарға облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беріп, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Жергілікті халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, мәселелердің басым бөлігі осы саланы дамытуға қатысты болды. Жайылымдық жерлерді алу, құдықтар қазу, ауыз су, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін спорт залын салу мәселелері көтерілді.
Жиын барысында орта білім беру сапасына қатысты мәселесі де көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, ауданда білім деңгейі төмен мектептер бар, алайда ондағы директорлар он жылдап өзгермейді.
Өңір басшысы аталған мәселені жан-жақты зерттеп, талдауды тапсырды.
- Бұл өте өзекті мәселе. Мен білім басқармасына облыстағы барлық мектептердің қызметіне талдау жасап, олардың ішінен үлгерімнің ең төмен көрсеткіштерін анықтауды тапсырамын. Осы талдау негізінде директорлардың жұмысына қорытынды жасалып, үлгерімі нашар мектептерге қатысты қажетті шаралар қабылданатын болады, - деді Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, өңір басшысы Бейнеу ауданында бірқатар мұнай кәсіпорындарына сервистік қызмет көрсететін компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді.
Жұмыс сапарының бірінші күнінің қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.