Ақпан айында облыс әкімдерінің рейтингі шеруге шыққан халықпен диалогты қаншалықты сәтті құрғанына байланысты бағаланды. Рейтингті құру кезінде жергілікті биліктің жұмысын бағалаудың үш негізгі критериі ескерілді: БАҚ-тың бағалауы және риторикасы, беделді сарапшылардан тұратын анонимді респонденттердің пікірлері, сондай-ақ әлеуметтік желілерді бақылау нәтижесінде тіркелген қарапайым пайдаланушылардың пікірлері, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты toppress.kz-ке сілтеме жасап.
Рейтингте бірінші орынды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, соңғы орынды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова иеленді.
Маңғыстау облысы басшысының бесінші орында тұр. Ақпараттық порталдың сараптауынша, Нұрлан Ноғаев қаңтардағы наразылықты сәтті реттеген жалғыз әкім сыңайлы.
«Маңғыстаулықтардың мінез-құлқы мен темпераментін ескере отырып, өңір басшысына жұртшылықпен сындарлы диалог құру қиын болды. Ол келіссөзге келу үшін бір тәуліктен аса уақыт жұмсады. Н.Ноғаев газбен байланысты жағдайды түсіндіріп, арандатушылыққа бой алдырмауды сұрады және шыдамдылық пен түсіністік үшін алғыс айтты. Нәтижесінде Маңғыстау облысында наразылық акциялары тәртіпсіздіктерге ұласпады және бұл жерде әкімнің еңбегі бар. Қаңтар оқиғаларынан кейін Нұрлан Ноғаевтың әлеуметтік желілердегі рейтингі жоғарылады, ал респонденттер оның жағдайды реттеуге қосқан үлесін жоғары бағалады», - деп жазады портал.
Ақпан айында өңір басшысы облыстың 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Жоспар аясында өңірге 2,1 трлн теңге тарту жоспарланған. Қаражаттың 65%-ы жұмыспен қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатын болады. Инженерлік желілер, инфрақұрылым, ауыз су, заманауи мектептер мен спорт кешендерін салу сияқты 226 жоба іске асырылатын болады.
Өңірге тән проблемалардың бірі ауыз су тапшылығы. Жыл сайын наурыздан қыркүйекке дейінгі кезеңде тәулігіне 50 мың текше метр ауыз су тапшылығы байқалады. Осыған байланысты маңғыстаулықтарды «Астрахань-Маңғыстау» су құбыры арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жоспарлануда.