24 ақпанда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен жиын өтті. Оған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығмеджан Мақажанов қатысты. Жиын барысында өнеркәсіптік қауіпсіздік, ТЖ алдын алу және жою, өңірдегі азаматтық қорғау органдарының жұмысы мен даму перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Маңғыстау облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Рахман Қалиев, облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Жаңабаев және Маңғыстау ТЖ саласының ардагері Қажымұрат Хайрушев қатысты.
Кездесуде әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпсіздік, газ жабдықтарын пайдалану, көп қабатты үйлерде лифтілерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білікті мамандардың тапшылығы сынды бірқатар мәселелері көтерілді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Төрағасы Н. Мақажановтың айтуынша, газ пайдаланушылардың жылу қазандықтары мен газ пештерін дұрыс орнатпауы және ережелерді сақтамау салдары газдан уланудың себебі болып отыр. Сонымен қатар, өңірде газ қызметінде білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесі бар.
Жиын қорытындысы бойынша, өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.