Маңғыстау облысын сумен, жылумен және жарықпен қамтамасыз етіп отырған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты. Бірнеше күннен бері жалақыны көтеруді талап еткен азаматтар бүгін компания ғимаратының алдына шатыр құрып бейбіт шеруін бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бейбіт шеруге шыққан 700-дей жұмысшы күннің суығына қарамастан кенеп шатыр құрып наразылық білдіріп тұр. 8 жыл бойы жалақының бір тиынға да көбеймеуі осындай жағдайға жеткізді дейді олар. Қымбатшылық қысқанда айлықтың аздығы тығырыққа тіреп, соңы еңбек дауына ұласты деп отыр. Ал сол еңбек дауына қатысты құрылған комиссияның шешімі шықпай тұрып басшылық жаңа келісімшарт жасап, жұмысшыларға мәжбүрлеп қол қоюға үгіттеп жатыр деп ашулы. Айтуларынша ең төменгі жалақы 60-70 мың теңге.
2014 жылдан бері тариф 400 пайыз көтерілді. Айлық 1 пайыз да көтерілген жоқ. Менің қолға алатын жалақым 150 мың теңге. Ал түбіртектерде көрсетілген сома 390 мың. Қалғаны қайда ? Қайда кетіп жатыр ол?, - дейді жұмысшы Асланбек Өтебаев.
Бәрі қымбат, ақша ешнәрсеге жетпейді. Былай тартсаң былай жетпейді, былай тартсаң былай жетпейді. Бәріміздің бала-шағамыз бар, несиеміз бар. Несиенің тіпті пайыздары үлкен. Келісімшартқа келіспесеңдер жұмыстан шығарамыз деп бізді қудалап жатыр, - дейді жұмысшы Еркін Жұрынбаев.
Үш жарым мың адам еңбек ететін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» басшылары наурыздан бастап айлықты 30 пайыз көтеріп, еңбек демалысына емдеу-сауықтыру мақсатында бір жалақы көлемінде қаржы қосу және мерекелерде 10 мен 25 АЕК сыйақы беруді шешіпті. Сондай-ақ тек қана қарапайым жұмысшылардың айлығы көтеріледі, басшылардың жалақысы бұрынғы қалпында қалады дейді.
Талаптары орынды. Бірақ жалақыны 100 пайызға көтеретін мекеменің мүмкіншілігі жоқ. Барлығы қаржыға байланысты. Егер айлықты 100 пайызға көтеретін болсақ, тарифті көтеруге ұсыныс беруіміз керек. Ал қолданыстағы тарифтер шығынды болып тұр, - дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Иғалиев.
Ал жұмысшылар серіктестік тариф құнын бірнеше рет өсірсе де, жалақының өзгеріссіз қалды дейді. Әбден ашынған азаматтар мұндай әділетсіздікке жол бермеуді талап етеді. Жалақы 100 пайызға көтерілмейінше наразылықты тоқтатпаймыз дейді. Тіпті серіктестік ғимаратының алдында түнемек.
Махаббат Нұржанқызы