Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Азаматтарға арналған үкіметтің» Маңғыстау облысы филиалы қызметкерлерінің жалақыны көтеру талаптары түсірілген хабарлама кеңінен таратылып жатыр.
Осы жағдай бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» шынымен де, Маңғыстау филиалының қызметкерлері жалақыны арттыру мәселесін көтеріп отырғанын және ешқандай ереуіл болмағанын, филиал жұмысы қалыпты екенін хабарлайды.
Мемлекеттік корпорацияның 2022 жылға арналған бекітілген бюджетінің 70% еңбекақы төлеу қорына кетеді. Қаржылық нәтиже оң болған жағдайда қызметкерлер тоқсан сайын жалақының 0,5 мөлшерінде сыйақы алады.
Бұған дейін министр Азаматтарға арналған үкімет басшылығына еңбекақы төлеу жүйесін жақсарту бойынша нақты шаралар әзірлеуді тапсырған болатын. КЕАҚ жұмыс жүргізіп, үнемдеу мүмкіндігін іздестірді, сондай-ақ министрлік Үкіметке Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін қосымша қаржыландыру бөлу туралы сұрау жіберді. Бұл жалақы мөлшерін екі кезеңмен 50%-ға көтеруге мүмкіндік береді – 2022 жылғы қаңтардан бастап қазіргі жалақы мөлшерінің 25%-на және 2022 жылғы шілдеден бастап тағы 25%-ға.
Мемлекеттік корпорация басшылығы өңірлердегі ұжым арасынан таңдалған өкілдермен онлайн-кездесу өткізіп, қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын талқылады.
Қазіргі уақытта қызметкерлер жалақыны бонустармен бірге 100% арттыруды, еңбек еткен жылдары үшін қосымша ақы төлеуді, емдік жәрдемақыны екі есе көтеруді және т.б. сұрайды. Алайда бұл талаптарды қанағаттандыру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Жалақыны 100%-ға арттыру үшін Коммерциялық емес акционерлік қоғамның шығындары қосымша 26 млрд теңгеге ұлғаюы тиіс.
Қалыптасқан жағдайды шешу үшін Мемлекеттік корпорация басқармасының мүшелері мәселені өзара талқылау және жұмыс процесінің тұрақсыздануына жол бермеу үшін Ақтау қаласына ұшып кетті. Кездесу қорытындысы бойынша жағдайды реттеуге бағытталған шаралар жоспары құрылып, ұсыныстар ескерілген бірлескен жоспар әзірленеді. Бұл мәселе министрліктің ерекше бақылауында.