2020 жылы Маңғыстау облысында жеке тұрғын үй секторында газды пайдалану кезінде 6 адам қайтыс болып, 2 адам жарақат алған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 80%-ға жоғары көрсеткіш. Ал, 2021 жылы көгілдір отын салдарынан екі жаңаөзендік қайтыс болды. Қараша айында Ақтау қаласындағы «Шерқала» кешенінде жақын маңдағы шағын аудандарды дүр сілкіндірген жарылыс орын алды. Тұрғындар арасында газ қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көп. Оны кім, қалай қадағалайды?
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік комитеттің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Рахман Қалиевтың айтуынша, аталған жағдайларға негізгі себеп – газ пайдаланушылардың жылу қазандықтары мен газ пештерін дұрыс орнатпауы және ережелерді сақтамауы. Сондай-ақ, осы салада кәсіби мамандардың тапшылығы мен тікелей жауапты тұлғалардың немқұрайлылығы аталған жайттарға негізгі себеп болып отырғанын жасырмады.
-Тұрғын үй секторында болған жарылыстар мен келеңсіз жағдайларды тергеу тәртібі, регламенті құқықтық нормативтік актілермен белгіленбеген. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес, әлеуметтік нысандарды газбен жабдықтауды бақылау жергілікті атқарушы органға жүктелген. Негізгі міндеті – тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын пайдалануын және елді мекендердегі газ жүйелері мен газ баллондарының қолданылуын мемлекеттік тұрғыдан бақылау. «Азаматтық қорғау туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін қауіпті техникалық құрылғылар, жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар мен аспалы жолдар, лифтілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігін қадағалайды, - дейді Рахман Амангелдіұлы.
Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың құрылымдық бөлімшелерінің лауазымды тұлғаларына мемлекеттік инспектор мәртебесі заңмен белгіленіп берілген.
2020 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин әкімдіктерге бір ай ішінде газ-техникалық инспекция құруды және бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Маңғыстау облысының барлық қалалары мен аудандарының әкімдіктерінде құрылған тұрғын үй инспекциялық бөлімдерінде бұған дейінгі ережелер өзгертіліп, қызметкерлердің функционалдық міндеттері бекітілді.
- Бүгінгі күнге дейін аталған инспекциялар заңмен бекітілген құзыреттерін тиісті деңгейде пайдаланып отырған жоқ. Талаптарды сақтау бойынша бақылау, түсіндіру жұмыстарын толық жүргізбеген. Бұған себеп - жергілікті атқарушы органдардың осы жұмысқа немқұрайлы қарайтындығы мен қызметкерлерді іріктеу кезінде қажетті мамандық иелерін таңдап алмайтындығы. Жұмысқа қабылданған қызметкерлер осы саланың мамандары емес немесе жұмыс тәжірибесі жоқ. Оларға негізгі атқаратын қызметтен бөлек қосымша жүктеулер де тапсырылады. Мамандардың тұрақтамауы тағы бар. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы газды қадағалаудың тиісті деңгейде болмауы келеңсіз жағдайларға алып келіп отыр, - дейді департамент басшысы.
Өнеркәсіптік комитеттің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің негізгі міндеті – өндірістік аймақтардағы нысандардың қауіпсіздігін бақылау мен қамтамасыз ету.
-Лифт жүйелеріне қатысты да шағымданушылар біздің мекемеге келеді. Тұрғындарға жеткізгім келетіні – аталған мәселелерді заң негізінде жергілікті атқарушы орган қадағалайды. Қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін департамент өз тарапынан «ҚазТрансГазАймақ» және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп қала, аудан, ауылдарды аралап сақтық мәселелері бойынша рейдтік түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қала және аудандардағы тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінің мамандарына тағылымдама жұмыстарын да өткізіп отырады, - деді Р.Қалиев.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА