Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың басшылығымен жедел штаб құрылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, облыс әкімі оқиға орнында болып, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшыларымен жедел кеңес өткізіп жатыр.
"Біздің тарапымыздан барлық техника жұмылдырылды. Қазір ТЖД мамандары кинологтармен бірге жұмыс істеп жатыр. Асхана иесі кешкі сағат 20:00 шамасында асхананы жауып, ішінде адам болмағанын айтты. Сағат 00:00-ге дейін денсаулық сақтау саласына ешкім хабарласпады", - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс 2 қабатты «Шерқала» кешенінде (ішінде арнайы киім дүкені, автокөлік бөлшектері, мейрамхана, монша, техникалық қызмет көрсету станциясы, қоймалар бар) болған. Ал жарылыстың өзі Шерқала кешенінің бірінші қабатында орналасқан асханада болды. Шамамен ғимараттың 100 шаршы метрі қираған. Жарылыстың себебі анықталуда.
Қазір ғимарат үйінділерін жинап жатыр.
Асхана иесінің айтуынша, жарылыс кезінде жұмысшылар да қонақтар да болмаған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің (11 бірлік техника және 70 қызметкер, оның ішінде бір кинолог), «ЦМК» ММ (3 қызметкер және 1 бірлік техника), ПД (150 қызметкер және 26 бірлік техника) қызметкерлері қатысты), «ҚазТрансГазАймақ» АҚ (15 қызметкер және 1 техника), АЭжБУ МКК (8 қызметкер және 2 бірлік техника), «МЭҚК» АҚ (3 қызметкер және 1 бірлік техника), ЛЭБ (6 қызметкер және 3 бірлік техника) .
Жарылыс болған кезде жақын жерде 11 көлік болған. Жарылыстан барлық көлік зиян келген. Жол полициясының қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен үш көлікті эвакуациялады. Одан әрі эвакуацияланатын сегіз көліктің иесі анықталып жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА