Ақтауда үш бөліктен тұратын аялдама пайдалануға берілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Аялдамада барлық жағдай жасалған. Яғни ашық күту алаңынан бөлек, арнайы салқындатқышы бар орын бар. Онда жаздыгүні бөлме температурасын салқындатуға, ал қыста жылытуға болады. Үшінші бөлікте тұрғындарға арналған шағын кафе бар.
Бір ерекшелігі - аялдамада әжетхана орнатылған.
Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Тілеген Едігеұлының айтуынша, жыл соңына дейін дәл осындай 10 аялдама іске қосылады.
"Аялдаманы салуға бюджеттен қаржы қаралмады. Тек біздің тараптан кәсіпкерлерге ұсыныс берілді. Олар бірден қолдады. Осылайша заманауи үлгідегі аялдаманы және шағын кәсіпкерлік нысанды ашып отыр. Қазіргі таңда дәл осы үлгі бойынша бірнеше шағынаудан маңында аялдама салынып жатыр", - дейді Тілеген Едігеұлы.
Оның айтуынша, 17 шағынауданда "Нұр Отан" ғимаратының және "Асыл парк" тұрғын үй кешінінің алдына салынып жатыр. 8 шағынауданда орналасқан "Сәуле" спорт кешені алдына, "Рахат" базарына қарама-қарсы жол бойына салынып жатыр. Сонымен қатар 19 шағынаудандағы "Дарын" мектебіне қарсы жолға да аялдама бой көтеріп жатыр. Ал 28 шағынаудандағы бір аялдама жаңартылуда.
Аялдама кәсіпкер қаржысына салынған. Кәсіпкер Саламат Төленовтың айтуынша, аялдаманы салуға 10 млн-нан аса қаржы жұмсаған.
"Бұл - қаладағы заманауи, жағдайы жасалған алғашқы аялдаманың бірі. Қалалық әкімдік тарапынан ұсыныс айтылды. Біз, әрине, қуаныштымыз. Себебі бұл - жас кәсіпкерлерді қолдау. Аялдама тұрғындарға және біз үшін де ыңғайлы, тиімді болмақ. Тұрғындар келіп тамақтана алады, қыста жылы аялдамада отырып, қоғамдық көлікті күте алады", - дейді кәсіпкер Саламат Төленов.
Айта кетейік, аялдама 31 б шағынаудан жолында орналасқан. Мұнда 3, 107 автобустары қатынайды.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Т. ҚҰСАЙЫН