«WhatsApp» мессенджерінде Ақтаудағы қоғамдық көліктерді провизорлық орталық жанындағы мәйітханадағы денелерді тасу мақсатында пайдаланған деген жазба тарады.
Хабарламада мәйітханадан дене тасуға жұмылдырған автобустарды тұрғындар сағаттап күтуге мәжбүр делінген. Сондай-ақ, аталған рейстерден соң қоғамдық көліктерде дезинфекция өткізілмейтіндігі жазылған.
Ақтау қаласы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ақтау қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Сарыевтың айтуынша, қоғамдық көліктердің уақыт аралығының ұзаруының себебі автобустарды қысқа дайындау және техникалық жөндеу жұмыстарымен байланысты.
«Қазір автобустар техникалық жөндеуден өтіп жатыр. Оның ішінде автобустардың жүріс бөліктерін майлау, жылытқыш жүйелерін тазалау т.б. жұмыстар бар. Күн сайын әр бағыт бойынша 2-3 автобус техникалық қызметтен өтеді. Қала тұрғындарын аталған жұмыстарға байланысты түсіністік танытуға шақырамыз», - деді Ақтау қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Сарыев.
Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіндігін «Каспий Авто Парк» ЖШС басшысы Саламат Бахриденов те айтты.
«Каспий Авто Парк» ЖШС № 3, №7, №5, №4М және № 107 қалалық және ауданаралық маршруттарда жолаушыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсетеді. Қазір мекемеде автобустарды қысқы кезеңге дайындау мақсатында көлік майын, антифризді ауыстыру және т. б. жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жоғарыда аталған маршруттардан күніне 1 немесе 2 автобус жұмысқа шықпайды. Техникалық жұмыстар 5 қазан күні басталды, 2 аптаға созылады. Ақтау қаласының тұрғындарынан түсіністік танытуды сұраймыз», - деді «Каспий Авто Парк» ЖШС басшысы Саламат Бахриденов.