Бүгін Сенат депутаттары Құрық портына келіп, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, қазір Құрық портының жұмысы 25 пайыз деңгейде тұр.
"Құрық портын салуға 100 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген еді. Бірақ пандемияға байланысты былтырдан бастап порттың жұмысы төмендеді. Алайда Құрық порты экономикалық жағынан қаншама адамды жұмыспен қамтып, жергілікті жерге қаржы түсіріп тұр. Сондай-ақ Қазақстан және басқа да елдердің жүктерін тасымалдауға мүмкіндік береді. Құрық портының келешегі зор деп ойлаймын", - деді ол.
Жалпы сенаторлардың Маңғыстауға келу мақсаты - ішкі туризмді дамыту.
"Ақтаудан Құрыққа дейінгі теңіз жағалауына бірінші категориялы жол салынып жатыр. Егер жол құрылысы аяқталса, мұнда тек жүк ғана қатынамайды, жолаушылар да аз уақытта Ақтауға қатынай алады. Сонымен қатар сол жолдың бойына арнайы қонақ үйлер, суға түсетін жағажай мен демалатын орындар салуға болады", - дейді Әлеуметтік, мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Енді сенаторлар іссапар жоспарына сәйкес «Rixos Water World Aktau» туристік қонақ үй кешеніне бара жатыр. Кешенде салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап, қонақ үй жұмысымен танысады.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер автордан