Биыл «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» қандай жобаларды нәтижелі орындады. Өңірдегі қуаңшылықтың алдын алу және мал азығымен қамту бойынша жұмыстар қай деңгейде жүріп жатыр. Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Қуаныш Серікұлымен сұхбаттасып қайттық.
– Қуаныш Серікұлы, «Каспий» ӘКК-ның негізгі міндеті мен мақсаты қандай?
– «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы аймақтық даму институты болып табылады. Корпорацияның қызметі экономиканың әр түрлі салаларындағы инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған. Активтерді тиімді басқару, оның ішінде еншілес және тәуелді ұйымдарды дамыту. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жәрдемдесу.
– Корпорация қазір қандай жұмыстарды атқарып жатыр?
– «Каспий» ӘКК тек бизнесте ғана емес, әлеуметтік жобаларды да нәтижелі орындап келе жатыр. Атап айтқанда, пандемия кезінде дәрі-дәрмектердің қорын қалыптастыру, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар биыл қуаңшылық жағдайында «Каспий» ӘКК-ның әлеуетін пайдаланып отырмыз.
Бүгінгі таңда «Каспий» ӘКК-да ауыл шаруашылық саласы бойынша 5 жоба бар. Оның бірі – асыл тұқымды аналық бас «Аруана» түйелерін сатып алу және оларды өсіру жобасы, екінші жоба бойынша Мұнайлы ауданында қызанақ өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы салынып жатыр. Сондай-ақ үшінші жоба Маңғыстау ауданында «Сегізбай ата» ауыл шаруашылығы коперативімен бірігіп, ұн өндіру цехының жобасы және Жыңғылды ауылының маңында «Агрозона» деген жоба арқылы жеміс-жидектер отырғызылды. Бесінші жоба «Сегізбай ата» ауыл шаруашылығы коперативімен бірлесе жасалды. Яғни жоба аясында балық өнімдерін қайта өндеп, консервіленеді.
Сонымен қатар өндірістік сала бойынша 11 жоба орындалып жатыр. Мұның көбі «Маңғыстау индустриалды паркі» ЖШС аумағында жүргізілуде, атап айтқанда «Сталь Трейд-НС» ЖШС - құбырларды оқшаулау өндірісі, «Мұнай - химия кешені» жобасы («Актау-Петролеум» ЖШС ), Үлкен сөмкелерді жұмсақ қаптамалар шағаратын зауыт ( «West Eco Plast» ЖШС)
Сондай-ақ әлеуметтік сала бойынша 6 жобамыз бар. Мәселен, Ақтау қаласындағы «Каспиана» заманауи үлгідегі ауыз су қондырғылары, автобус паркін жаңалау мақсатында қаладағы 18 автобус лизингке алынды. Жобаны келісім шарт арқылы кәсіпкерге бердік, қазір ол жолаушыларды қалааралық автобуспен тасымалдап жүр. Сонымен қатар Ақтау және әуежай арасында қатынайтын 4 электробус бар, бүгінгі таңда жолаушыларға қызмет көрсетуде. Арнайы әкімдіктің тапсырмасы арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыру жобасы да нәтижелі атқарылуда. Былтыр пандемия кезінде дәрі-дәрмек қорын жинауға атсалыссақ, биыл жем-шөп мәселесі бойынша жобалар жүзеге асып жатыр.
– Осы ретте облыста дәрі-дәрмек қоры мен азық-түлік қоры жеткілікті ме?
– Былтыр дәрі-дәрмекке бюджеттен 300 млн теңге бөлінген. Қаржыны 3 дәріханаға 0,1 пайызбен жеңілдетілген несиеге беріп, дәрі-дәрмек қоры сақталған болатын. Бүгінгі күнде бұл мәселе өзектелігін жоғалтты. Себебі былтырғыдай қиындықтан өткеннен кейін мемлекеттің өзі аталған мәселеге үлкен көңіл бөлді. Соның нәтижесінде «СК-Фармация» барлық дәріхананы екі айлық қормен қамтыды. Медициналық мекемелер өз-өзін қамтамасыз етіп отыр. Дәрі-дәрмек қорын жасақтау бойынша жоба аяқталуға жақын. Жеңілдетілген несие алған 2 дәріхана қаржыны қайтарды, ал үшінші дәріхана қазан айында қайтарады. Содан соң жоба толық жабылады.
Ал азық-түлікке байланысты соңғы екі жылда бізге 1,3 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 19 түрлі әлеуметтік тағам бар, соның 11 түрін сатып алып, қоймаға сақтадық. Сонымен қатар оны кәсіпкерлерге айналым қаражат ретінде беріп, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір «Каспий» ӘКК «Ақтау теңіз порты» аумағынан қойма жалдап, 6 түрлі тағамды сақтап отырмыз. Қалған тауарларды кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру арқылы, бағаны тұрақтандыруға жәрдемдесудің шаралары жүріп жатыр.
– Қуаныш Серікұлы, өзіңіз білесіз өңірде мал азығын дайындау күрделі мәселе. Корпорация тарапынан мал азығын тарату бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
- Бүгінгі таңда бюджеттен 2,3 млрд теңге қаржы түсті. Осы ретте түсінікті болу үшін бөліп айтқаным дұрыс шығар. Ең бірінші мекемеге 54 млн теңге түсті, аталған қаржыға Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы 10 вагон арпа әкелінді. Арпа 87 теңгеден келген болатын, біз сол бағаны сақтап, аудан, қаланың белгіленген операторларына берілді. Ол ақшаны қайтарып алғаннан кейін 9 вагон арпа алдық. Ол вагондарды да сатып, бітірдік. Одан түскен қаржыны 3 кәсіпкерге айналым қаражат ретінде берілді. Осы ретте қаржы алған кәсіпкерлер жыл аяғына дейін 529 тонна жем әкелуге міндеттелді. Жемнен түскен қаржыны желтоқсан айында кейін қайтарады. Бұл жұмыстың барлығы алғашқы түскен 54 млн теңге бойынша жүзеге асып жатыр.
Одан кейін біздің мекемеге 150 млн теңге берілді. Оны 5 кәсіпкерге жеңілдетілген несие ретінде бөліп бердік. Кәсіпкерлер аталған қаржыға 2 300 тонна шөп әкеліп, сатуға міндеттелді. Шөптің бағасы 55 теңгеден аспау керек және белгіленген ауданның аумағында ғана сатылуы керек. Бұл жұмыстар қазір де жүріп жалғасып жатыр. Кәсіпкерлерге белгіленген 2 300 тонна шөптің қазір 1 500 тоннасы облыста сатылып жатыр.
Ал 600 млн теңге 12 операторға жеңілдетілген несие ретінде берілді. Сонымен қатар жақында 1,5 млрд теңге «Каспий» ӘКК шотына түскен болатын. Оның 500 млн теңгесі – шөпке, 1 млрд теңгесі жемге бөлініп отыр. Қазіргі таңда операторларды әр аудан, қала әкімдіктері ұсынып жатыр.
– Қала, аудан әкімдіктері операторларды қалай таңдайды?
– Ол үшін кәсіпкердің міндетті түрде кепілдігі болуы керек. Мемлекеттің қаржысы болғаннан кейін, қайтарымы сұралады. Сондай-ақ бұрын сонды жем, шөппен айналысып жүрген кәсіпкерлерді таңдайды деген сенімдемін. Себебі жауапкершілік әкімдік тарапында болғандықтан мәселеге атүсті қарамайды деген ойдамын. Ұсынылған операторларды кейін облыс әкімінің өкімімен құрылған штаб бекітеді. Содан кейін ғана қаржыландырамыз.
– Операторлар жұмысын кім бақылайды?
– Аудан, қала әкімдіктері операторларды таңдағаннан кейін әрі қарай мониторинг жұмыстарының жүргізілуі штаб протоколы бойынша әкімдікке жүктеледі. Десе де келісім шарт бізде болғандықтан, бақылау жүргізуге құқымыз бар. Өткен аптада корпорация тарапынан комиссия құрып, Түпқараған ауданы, Жаңаөзен қаласына барып, мониторинг жүргізіп қайттық. Яғни, кәсіпкерлердің жем-шөпті әкелуі, тиімді бағада сатуы мен сақталуын қадағалаймыз.
– Кәсіпкерлер жем, шөпті келісім шартқа сәйкес әкеліп жатыр ма?
– Иә, әкеліп жатыр, аудан, қала бақылауға алды, алайда Жаңаөзен қаласынан «Нұр дария» атты шаруа қожалығы 20 млн теңге алған. Сол кәсіпкерде шөптің килограмына байланысты мәселе болған. Алайда бұл мәселені келісім шартқа сәйкес Жаңаөзен қаласының әкімдігіне хат жолдап, бақылауға алуды тапсырдық. Жұмыс сапалы орындалмай жатқан болса, келісім шартты бұзу туралы ескерту бердік. Десе де бұл операторлар сенімсіз дегенді білдіртпейді, себебі «Каспий» ӘКК қарасты оператордың барлығы бақылауда. Сонымен қатар кәсіпкерлердің дерегі мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып, жаңартылып отырады.
– Қыс айларында 1 келі шөптің бағасы 74 теңге, жемнің құны 102 теңгеден сатылады екен. Ертеңгі күндері мал азығы бекіткен бағадан қымбатқа сатылып кетпей ме?
– Ия, жаз айында берілген 150 млн теңгеге сатып алынған мал азығы, яғни 1 келі шөп 55 теңгеден бекітілді. Ал қыс айларында берілген қаржыға алынатын мал азығы бойынша 1 келі шөптің бағасы 74 теңге деп белгіленді. Бағада айырмашылық бар, әрине. Себебі жазғы мал азығы сырттан келген бойда бірден сатылды. Ал қысқы мал азығы алдымен қоймада сақталады. Сондықтан арнайы штаб жем, шөпті сақтау шығындарын есептеп, шөпті 74 теңге, жемді 102 теңге деп бекітіп берді. Біз осы бағаны келісім шартта көрсетіп отырмыз. Бұл баға қысқы уақыттардада осы бағада болуы тиіс.
– Қуаныш Серікұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН