Жақында БАҚ өкілдері «Өзенмұнайгаз» кен орнына қарасты №1 мұнай газ өндіру басқармасын аралап, мұнайшылардың жұмысымен танысып қайтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
№1 мұнай газ өндіру басқармасы директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Руслан Малмановтың айтуынша, осы уақытқа дейін 400 млн тонна мұнай өндірген. 100 млн тоннадан аса қалдық бар, әлі 35-37 млн тоннадай мұнай алу мүмкіндігі бар.
«Жалпы Өзен кен орны мұнайының құрамы өте ерекше. Атап айтқанда, парафин 18 пайыздан жоғары, күкірт 2 пайыздан төмен. Қазір орташа тереңдігі 1 100 метр мен 2 300 метрге дейін эксплуатация жүргізіп жатырмыз», - дейді Руслан Малманов.
Мұнай өндіріп, алуға дейін бірнеше процесс бар. Алғашқы процесс №8 мұнай газ өндіру цехы №55 топтық қондырғыдан басталады. Ондағы қызметкерлердің негізгі міндеті – май айдау, яғни топтық қондырғыға тиесілі 27 скважинаның тоқтап қалмауын қадағалау.
№55 топтық қондырғының шебері Иса Бейімбетовтың айтуынша, мұнда 8 оператор қызмет етеді.
«Топтық қондырғыдағы 27 скважина тереңді сораппен жұмыс істеп тұр. Қазір бізде 4 сорап, май дайындайтын қазан және жылыту пештері бар. Онда майды дайындап, қажетті жерге жібереміз. Өткен айдың жоспары бойынша 2 484 тоннаны 100 пайызға орындадық. Қазіргі таңда мұнай өндіру жоспары ережеге сай келе жатыр», - дейді ол.
Содан соң №1 мұнай газ өндіру басқармасына қарасты Шоғырланған сораптар стансасына келдік. Бұл жерде 25 жұмысшы күнделікті және кезектесіп жұмыс істейді.
«Негізгі міндетіміз – жердің астына су айдау, сол арқылы қысымды сақтау. Осы жұмыстарды орындауға арналған 8 сорап бар. Қазір жер астындағы қысым 140 – 160 көрсетіп тұр. 2 машинист күнделікті осы қысымды бақылап, орталық жүйеге ақпарат беріп отырады», - дейді Шоғырланған сораптар стансасының шебері Нұрберді Шүрменов.
Шоғырланған сораптар стансасының жұмысымен танысып шыққаннан соң, №3 скважиналарға қызмет көрсету басқармасына бардық. Яғни «Өзенмұнайгаз» кен орнына қарасты мұнай газ өндіру басқармаларына арнайы техникалар арқылы қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 32 арнайы техника бар.
«Өзенмұнайгаз» АҚ 7 транспорттық мекеме бар. Әр транспорттық мекеменің жұмыс істеу бағыты әртүрлі. Біздің мекеме 1974 жылдан бері өз жұмысын жалғастырып келе жатыр. Қазір мекемеде ауыр техникалар мен тракторлар, автокрандар және одан өзге транспорттар бар. Аталған транспорттар тек мұнай саласында ғана емес, әлеуметтік салада пайдалануға мүмкіндік береміз. Соның нәтижесінде біраз құрылыс жұмыстарының орны дайындалып, жол салынды», - дейді №3 скважиналарға қызмет көрсету басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуандық Жүгенбаев.
Еске сала кетейік, биыл Маңғыстау жерінде мұнай атқылағанына 60 жыл толып отыр. Осы ретте мұнай саласының ардагері Болатбай Қарамұрзаевпен тілдестік, ол тарихи кезеңді еске алды.
«1960 жылы бірінші газ шықты, содан соң 1961 жылы мұнай атқылады. Барлау жұмыстары әрі қарай жалғасып, күннен күнге, айдан айға ұңғыма саны көбейіп, мұнай арта түсті. Сөйтіп 1964 жылы бірінші рет Жаңаөзен қаласынан Атырауға мұнай жөнелтілді. Содан бері күні бүгінге дейін мұнай кен орны дамып келе жатыр. Өткен кезеңдермен салыстырғанда қазір мұнайшылардың да жағдайы жақсарып жатыр», - дейді мұнай саласының ардагері Болатбай Қарамұрзаев.
Ия, мұнайшылардың жұмысы ауыр, соған сәйкес әлеуметтік пакет те қарастырылған. Яғни мұнайшылардың денсаулық, әлеуметтік, отбасылық жағдайына жәрдемдесу мақсатында қосымша көмек беріліп келе жатыр. Басқарма басшылығының айтуынша, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның мұнайшыларға ұсынатын әлеуметтік пакеті ерекше.
Ал ардагер-мұнайшы Болатбай Қарамұрзаев Өзен кен орнының әрбір жетістігіне қуанып отыратынын жеткізді. Себебі, жетістік жолында жергілікті тұрғындардың үлесі зор.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН