Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Ақтау қаласында жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Қаланың «Шығыс» шағын ауданының тұрғындары асыға күткен №25 жалпы білім беру мектебінің табалдырығын биылғы білім күні 600 оқушы аттады.
Мектепте физика, химия, информатика кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталып, мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған.
Алғашқы құттықтау сөз облыс орталығының басшысы Нұрдәулет Қилыбайға берілген кезде кісіліктен кішілікті, іріліктен ізгілікті жоғары қойған әкім құтты болсын айту құрметін КСРО және Қазақ КСР-і оқу-ағарту ісінің озаты, қаланың даму тарихында өзіндік қолтаңбасы бар 95 жастағы ардагер ұстаз Салиха Ыдырысоваға ұсынды.
- Ұстаздың еңбегі инемен құдық қазғандай. Ұстаздың қолында еліміздің болашағы, біздің еліміз қандай болатындығы, осы жастардың қолында, - деген Салиха Қаженқызы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндерге ақ батасын берді.
Су жаңа мектептегі алғашқы қоңырау слғылуына арналған мерекелік шарада саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге арнаған 95 жастағы ұлағатты ұстаз Салиха апай мен Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Игілікұлы 1-сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығын табыстады.
Жаңа мектептің лентасын қию рәсімін Ақтау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Қартбай Аманжол мен Салиха Қаженқызы орындап, қонақтар оқу кабинеттерін аралап көрді.
Білім ордасында еңбекке баулу пәніне 4 кабинет арналған. Қыз балаларға арналған ас үй және тігін машиналары бар, ал, ұлдар үшін ағаш станоктары мен саз балшықтан түрлі бұйымдар жасайтын жаңа техникалар орнатылған. Ақтауда бұған дейін саз балшықтан бұйымдар жасауға арналған құрылғысы бар мектеп болмаған. Енді осы мектептің оқушылары сапалы біліммен қатар қолөнердің бұл түрін де үйреніп шығады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА