Ақтауда Білім күніне орай екі заман талабына сай мемлекеттік мектеп ашылды. Соның бірі – 34 шағын ауданда орналасқан №19 мектеп-гимназиясы. 1 200 орындық білім ордасында биыл 17 бірінші сынып ашылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Бала – біздің болашағымыз, байлығымыз, олардың саны артып жатса, бұл зор қуаныш. Жаңа мектептің 1-сыныбына 500 бала барды. Бала санының артуы – үлкен байлық!»,-деді мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі С.Трұмов.
Аймақ басшысы жаңа мектептің ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды айтулы күнмен құттықтап, табыс тіледі.
Салтанатты жиында бірінші сыныптың оқушыларына облыс әкімі «Әліппе» оқулығын табыстады. 2-11 сынып оқушыларына Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жетістіктері» атты сынып сағаттар ұйымдастырылды. Сынып сағаттары жеке кабинеттерде санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.
Жаңа мектепте мультимедиялық оқу залдары, заманауи жабдықталған физика, химия, биология, информатика, мультимедиялық кабинеттер, интербелсенді тақталарымен жабдықталған, технология кабинеттері бар. Сондай-ақ, мектеп аумағында халықаралық стандартқа сай спорттық ойын алаңдары, жүгіру жолдары және демалуға арналған орындар орналасқан. Ғимаратқа бейнебақылау жүйесі, дабыл түймесі орнатылып, интернет желісі тартылған.
Айта кетейік, аталған мектепке ұстаздар құрамы ерекше тәсілмен қабылданды. Қоғам белсенділерінен арнайы комиссия құрылып, мұғалімдердің үздіктері түрлі сұраққа жауап беру арқылы таңдап алынды. Енді іріктеуден өткен 160 педагог шәкірттерге білім беретін болады.
Бүгін облыс көлемінде 2 мемлекеттік, 5 жекеменшік мектеп ашылды, 3 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға берілді. Ал алдағы 5 жылда тағы да жаңа 30-ға жуық мектептің құрылысын салу жоспарланып отыр.