Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін Маңғыстауда 19 522 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, заман талабына сай жаңа жеті мектеп ашылды. Балалар әліппемен қайта қауышты. Осы айтулы қуанышпен ұстаздарды, ана-аналар мен оқушыларды шын жүректен құттықтаймын!
Дәл осы күннен бастап алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
Шындығында ертеңгі күн бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің өлшемімен таразыланады. Сондықтан ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда мемлекет үшін білім саласы қашан да маңызды болып қала бермек.
Биылғы оқу жылы барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталады. Біздің міндетіміз - соңғы екі оқу жылындағы оқу-тәрбие процесіндегі кемшін тұстарын толтыру, оқушыларға қолайлы жағдай жасау, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Бүгін облыс көлемінде 2 мемлекеттік мектеп, 5 жекеменшік мектеп ашылып, 3 мектептің қосымша құрылысы пайдалануға беріліп отыр. Ал, алдағы 5 жылда тағы да жаңа отызға тарта мектептің құрылысын салуды жоспарлап отырмыз.
Тәуелсіз елдің ұландарын тәрбиелеу мен білім беруде мәртебелі ұстаздар қауымының үлесі ұшан-теңіз! Болашақ білімділердің қолында десек, ұстаздарға артар үміт үлкен болып қала бермек.
Жаңа оқу жылында баршаңызға мықты денсаулық, күш-қуат, толағай табыс тілеймін! Алдағы оқу жылы жетістікке толы табысты болсын, деді облыс әкімі.