Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде МО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі шаруа қожалықтарында 1 000 тоннадан астам шөп пен 7 000 тонна жемнің қоры бар.
2021-2022 жылдарға өңірдегі төрт түлікті қыстық мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында Премьер-Министр А.Маминнің тапсырмасына сәйкес, бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. (1,9 млрд теңге – шөп, 3,4 млрд теңге – жем). Бұл қаржыға жыл соңына дейін 26 мың тонна шөп пен 34 мың тонна жем сатып алынады деп жоспарланып отыр.
Қазір аталған қаржының 600 млн теңгесіне мал азығын тасымалдайтын операторлар тағайындалып, өзге өңірлерден шөп тасымалдау жұмыстары басталып кетті.
«Облыс әкімі әр ауданда жем-шөп сақтайтын база жасақтап, қысқа дайындықты күшейтуді тапсырды. Осыған орай әр ауданның орналасқан географиялық аймағына байланысты базалар жасақтап жатырмыз. Мәселен, Маңғыстау ауданында 4 база болады, Түпқараған мен Қарақияда 3 базадан болмақ. Ауыл, аудан әкімдіктері жұмысын бастап кетті», - деді Серік Қалдығұл.
Бұдан бөлек Атырау мен Ақтөбе облыстарының шабындық жерлерінен шөп шабуға 5 шаруа қожалығы аттанды. Олар өздеріне қор жинап, артығын өзге мал иелеріне сататын болады.
Сонымен қатар бүгінгі күні жергілікті шабындықта 14 бригада шөп шауып жатыр. Олар жыл аяғына дейін 15 мың тонна шөп дайындамақ.