Маңғыстау облысында вакциналау қарқыны өзге өңірлермен салыстырғанда төмен. Бұл туралы "Ел үшін егілемін" азаматтық штабының белсендісі Рахым Ошақбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Штаб белсенділерінің айтуынша, елде екпе алу қарқыны баяулаған. Шілденің ортасында күніне 130 мыңға жуық адам екпе салдырса, қазір тәулігіне 30 мың адам вакцина алып отыр. Маңғыстау облысында вакциналау көрсеткіші – 38,8 пайыз. Өткен тәулікте 16 адам Covid-19-дан көз жұмған, бұл өткен аптадағы рекродтық сандардың қайталанғанын білдіреді, ал жансақтау бөлімдері 85%-ға толған.
«Жағдай өткен жылмен салыстырғанда күрделірек. Былтыр 15 тамызда 1,2 мың Covid-19 жағдайы тіркелген. Биыл 7,8 мың, яғни көрсеткіш алты есеге дейін артқан. Өткен жылы 15 тамызда амбулаторлы және стационардағы емдеуде ресми ақпарат бойынша 20 мың адам ем қабылдаса, биыл ол да алты есеге өсіп, 117,8 мың адамға жеткен. Былтыр стационарда 3,4 мың адам, ал биыл 9 есеге артып, олардың саны 31,5 мың адамға дейін артты. Қазақстан вакцина алуды қатты кешеуілдеп отырғанын байқауға болады, ал бұл өз кезегінде пандемия мен өлім көрсеткіштерінің артуына себеп болып отыр. Қазіргі таңда біздің елде вакцинация алуға жататын 10 миллион қазақстандықтың 6 мыңы иммунизациядан өткен»,- деді штаб белсендісі Рахым Ошақбаев.
Оның айтуынша, соңғы бірнеше аптада елде коронавирустан 100-ден астам адам көз жұмды. Қайтыс болғандар саны бойынша ең жоғары көрсеткіш 163-ке жетті. Осылайша, Қазақстан әлем елдері арасында ковидтен көз жұмғандар саны бойынша алтыншы орынға шықты. Мұндай жағдайды тоқтатудың бір ғана жолы бар, ол – вакциналау. Яғни пандемияны тоқтатып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Еске сала кетейік, 3 тамыз күні елде коронавирус пандемиясымен күрес бойынша «Ел үшін егілемін» Азаматтық штабы құрылды. Азаматтық штабтың мақсаты – Covid-19-ға қатысты барынша шынайы ақпарат таратып, азаматтарды вакцина алуға үгіттеу.