Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің Серікбай Трұмовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихат сессиясы барысында айтылды. Жиын барысында аймақ басшысы өткен жеті айды қорытып, атқарылған шаралар мен алдағы жоспарларды ортаға салды.
- Осы жылы 247,8 миллиард теңгеге 21 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланды. Нәтижесінде 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Іске қосылатын жобалардың бөлінісі бойынша – 7 жоба өңдеу өнеркәсібіне, 5 жоба туризмге және қалған жобалар экономиканың басқа салаларынан болады, - деді облыс әкімі С.Трұмов.
Жалпы облыс бойынша қуаңшылықтан және қыс мезгілінен өту үшін аймаққа – 77 мың тонна шөп және 53 мың тонна жем қажет екен.
- Шөп мәселесін айтар болсақ, жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін 36 мың тонна шөп тасымалданған. Сондай-ақ, өзге облыстардан көмек ретінде келген 2 900 тонна тегін шөп облыстың қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруа қожалықтарына таратылды. Жергілікті бюджеттен қайтарымды қаражат ретінде мал азығына 2,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 1,9 миллиард теңгеге жыл соңына дейін «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік қоры арқылы 26 мың тонна шөп сатып алынатын болады, - дейді С.Трұмов.
Биыл Үкімет резервінен ауыл шаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге
1,9 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінген болатын.
- Қазіргі таңда бөлінген қаражат бойынша 4 100-ге жуық жеке қосалқы үй шаруа қожалықтарына 479 миллион теңге және 283 шаруа қожалығына 139 миллион теңге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілді. Қалған қаражат қазан айына дейін толықтай игерілетін болады, - деді облыс басшысы.
Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жаңаөзен қаласындағы Қызылсай ауылында бір ауысымда 20 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілген.
- Облыстық балалар ауруханасына компьютерлік томограф жеткізіліп, пайдалануға берілді. Демеушілік қаражат есебінен Түпқараған аудандық ауруханасына компьютерлік томограф жеткізу үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. 8 бірлік «Вирусқа қарсы вакцинаны сақтауға арналған мұздатқыш» жабдықтар алынып, қала, аудандардағы емханалар мен ауруханаларға қолдануға берілді. Одан бөлек, Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына демеушілік көмек есебінен 4 бірлік оттегі концентраторы алынды, - деді.
Аймақ басшысы маман тапшылығын шешу үшін денсаулық сақтау саласының 90 маманына облыс әкімінің гранты бөлінгендігін айтып өтті.
«Биыл облыс әкімі оқу грантының басым бөлігі медицина мен білім саласының мамандықтарына беріледі. 64 грант білім саласына, 90 грант денсаулық сақтау саласына бөлінеді. Алдағы уақытта дәрігерлер мен мұғалімдерді баспанамен қамту мақсатында тұрғын үйлер мен жатақхана салуды жоспарлап отырмыз»,-деді С.Трұмов.
Бүгінде аймақтағы денсаулық сақтау саласына 50 жас маман жұмысқа орналасқан, қосымша 70 жас маман қыркүйек айында келеді деп күтілуде. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясында 124 маманға үй сатып алуға несие және 253 маманға бір жолғы жәрдемақы берілмек.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН