Маңғыстау облысында өңірді ауыз сумен қамту мақсатында былтыр 5 жылға арналған жоспар жасақталды. Бұл Серікбай Трұмовтың өңір басшысы қызметіне келгеннен кейінгі бірінші кезекте қолға алған ісі. Облыстағы су мәселесі жан-жақты зерделеніп, тіршілік нәрінің тапшылығын жою жолдары жоспарланды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоспар бойынша биыл бірқатар жоба іске қосылады.
1. Ақтау қаласы және оған іргелес орналасқан Мұнайлы, Қарақия аудандарының ауылдарын ауыз сумен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын екі есе яғни 40 мың текше метрге дейін ұлғайту көзделген. Қазір жұмыс қарқынды жүргізілуде. Республикалық бюджеттен 2021 жылға дейін 1,0 млрд теңге бөлініп толықтай игерілді. Биыл аталған жұмыстарды жалғастыруға тағы да 6,7 млрд теңге бөлініп, тамыз айында жергілікті бюджетке тиісті қаражат толықтай түсті. Жобаны 2022 жылдың басында аяқтау жоспарланған.
2. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщытатын зауыт салып жатыр. Бұл зауыт биыл жыл соңына іске қосылады деп күтілуде. Өндірістен ауысқан су тұрғындардың қажетіне алынатын болады.
3. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-не қарасты тәулігіне 24 мың текше метр су тұщытатын қондырғысын салу жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Құжат толық рәсімделіп біткеннен кейін, жобаны келер жылы бастау көзделуде.
4. Форт-Шевченко қаласында қуаты тәулігіне 5 мың текше метрді құрайтын су тұщыту қондырғысын NKOK компаниясының облыс үшін әлеуметтік қолдау аясында іске асыру жоспарланып отыр. Облыс әкімінің бастамасымен жасақталған жоспарға сәйкес, дәл осындай жоба Ақшұқыр және Сайын Шапағатов елдімекендерінде де салынады.
5. Ақшұқыр ауылында теңіз жағалауында 8 құдық іске қосылды.
6. Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы тарапынан құны 87 млрд.теңге болатын Кендірлі аймағынан тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыттың құрылысы басталады. Бұл жоба Жаңаөзен қаласы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтитын болады. Аталған жұмысты іске асыратын жаңа мекеме - “ҚМГ - Ақсу” ЖШС құрылды. Бастапқы қаржы бөлініп, құжаттары рәсімделуде.
7. Мұнайлы ауданындағы Баянды ауылында өткен айда тәулігіне 3 мың текше метр су тұщытатын мембрана іске қосылды. Бұдан бөлек, Баянды ауылында қазір туәлігіне мың текше метрге дейін су тұщытатын мембрана жұмыс істеп тұр. Ақпан айының басында іске қосылған мембрана «Құйылыс» жерасты су кенорнынан келген суды тұщытады. Бүгінде ол Баянды ауылын толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
8. Сонымен қатар “Құйылыс - Мұнайлы -Ақтау” бағытында жаңа су құбыры тартылады.
9. Өңірдегі су көздерін іздестіру-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Бұл алдағы жылдары облыс жұртшылығын сумен қамту үшін нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
«Аталған жобалар іске қосылғанда, жаз айында болатын су тапшылығын жойып, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтуға қол жеткіземіз», деді облыстық энергетика және ТҚШ басқармасының басшысы Б. Қартбаев.