Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына іс сапары аясында «Каспий» су тұщыту зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Зауыт басшысы Нұрлыбек Жолбаевтың айтуынша, аталған мекеме бүгінде 200 мыңдай тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр, 57 мекемеге келісімшарт негізінде қызмет көрсетеді.
- Маңғыстаудағы өзекті мәселе – ауыз су екені белгілі. Қазір Ақтауда, Жаңаөзенде, Мұнайлы ауданы мен теңіз жағасындағы нысандарда судың тапшылығы қатты байқалуда. Әсіресе, Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласын ерекше атап өтер едім. Тұщытылып беріліп отырған су сұранысты толық қанағаттандырмайды. Сол себепті, зауытта модернизация жұмыстары қолға алынған болатын. Осы жылдың сәуір айында депутаттар бюджетті нақтылағанда республикалық бюджеттен 6,7 миллиард теңге бөлінген. Зауытқа сапарымыз барысында байқағанымыз – ұсақ-түйек жұмыстар жүргізіліп жатыр, алайда атап өткен негізгі жоспарланған жұмыс тұралап қалған. Қаржының жоқтығы қолды байлап тұр. Зауыттың қазір тәулігіне беріп отырған қуаты - 20 мың текше метр. Модернизациялау арқылы 40 мыңға жеткізу көзделген. Тұшытылған судың басым бөлігі – Мұнайлы ауданына беріледі деп жоспарлануда. Қалғаны Ақшұқыр мен Құрық, теңіз жағасындағы нысандарға пайдаға аспақ. Сапар аяқталған соң тиісті министрліктен қаржының неге әлі күнге дейін аударылмай жатқанын анықтайтын боламыз, - деді Е.Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, Ақтаудың жоғары шағын аудандарындағы ауыз су мәселесі де кезек күттірмейтін мәселе болып отыр.
-Ақтауға ауыз су қазір теңізден тұщытылып қана беріліп отыр. Мысалы, Баянды ауылында суды тұшытатын арнайы мобилді құрылғы бар. Ал, Ақтау қаласына су тұщытатын арнайы зауыт керек, - деді ол.
Депутаттардың айтуынша, қарастырылған қаржы мамыр айында мекемеге аударылуы керек еді. Қаржының 70 пайызы құрылғыларға жұмсалмақ деп жоспарланған.
- Соңғы уақытта ауыз судың тапшылығы жөнінде тұрғындар арасында көптеген наразылықтар бар. Әсіресе жаз айларында орын алады, себебі ауыз суды пайдалану көлемі едәуір өседі. Зауыт шығаратын судың 80 пайызы тұрғындарға қолданысқа беріледі. Қазір Мұнайлы ауданы, Ақшұқыр ауылы, Құрық және Приозерный, Приморский елді мекендері мен шыны зауытына дейінгі аймақты қамтып отырмыз. Судың 20 пайызы теңіз жағасындағы нысандарға беріледі. Су көлемін ұлғайту бойынша жұмыс сәуір айында басталды. Модернизациялау жұмыстарын 2022 жылдың жаз айларында аяқтау жоспарда тұр. Қаржы қолға түспегенімен, күнделікті негізгі жұмыстар жалғасып жатыр. 60 адам нысан басында жұмыстарын жасап жүр, - дейді Н.Жолбаев.
Тапсырыс орындаушы компания өкілінің айтуынша, құрылғыларды орналастыру екі кезеңнен тұрады. Қаржы аударылған сәттен бастап, олар жұмысты бастауға әзір екенін жеткізді.
Зауыт басшысының сөзіне сенсек, нормативтік нормаға сай Мұнайлы ауданының қажеттілігі - 22 мың текше метр. Зауыт тарапынан беріліп отырғаны – 20 мың текше метр. Зауыт қазір жалпы – 23 мың текше метр су өндіреді. Жаз айларында, қыс мезгілінде бұл көрсеткіш – 16 мың текше метрге түседі.
«Каспий» су тұщыту зауыты 2004 жылы іске қосылып, Ақтау, Мұнайлы, Қарақия, Түпқараған аудандары ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. 2011 жылға дейін мекеме «МаңғыстауМұнайГаздың» балансында болады. Кейінірек «Caspiy» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына берілген. Арнайы технология тәсілімен суды тұшыту барысында су радиоактивті бөлшектер мен вирус-бактериялардан тазартылып, табиғи тұз бен минералдар сақталып қалады.
- Сонымен қатар, осы жылдан бастап «Каспий су тұщыту зауытының 2-кезеңінің құрылысы» жобасы аясында қуаттылықты бұдан да арттыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы штатта 97 адам қызмет етеді. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған, - дейді мекеме басшысы.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында жаз мезгілінде ауыз судың көлемі тәулігіне 150 мың текше метр, ал ауыз су тапшылығы 37 мың текше метр болып тұр. Қаланың дамуына қарай соңғы 5 жылдықта халықтың саны тез өсіп, көп қабатты тұрғын үйлер бой көтерді. 2015 жылы жаз айында Ақтауда ауыз суды тұтыну көлемі 27 мың текше метр болса, бүгінгі күні 42 мыңнан астам текше метр шамасында.
Кәмшат СӘРСЕНБАЕВА