Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров айтты.
Қазір аула аралау жұмыстары бойынша облыстағы 17 жүрмелі бригада 149 адамға екпені үйден салды.
«Қазір мобильді топтар үйден 1 057 қызмет көрсетті. Үй жағдайында пневмонияға қарсы ем қабылдап жатқандар саны - 135, жіті респираторлық вирустық инфекцияға қарсы 421 адам емделіп жатыр. Жедел-жәрдем бөлімінде 53 бригада жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін тәулігіне мыңнан астам шақырту тіркелсе, қазір қоңырау саны 749-ға дейін төмендеді. Бүгінде вирустық пневмония бойынша түсетін шақыртулар деңгейі төмендеді», - деді Аманбек Жұмыров.
Спикердің айтуынша, облыста I-компонентпен 134115, II-компонентпен 95 811 адам егілді. Қазір қолданыста ресейлік «Sputnik V», «QazVac», «Синовак», «Vero Cell» және «CoronaVac» вакциналары бар.
Баспасөз конференциясына Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев қатысты.
Оның мәліметінше, өңірдегі соңғы репродуктивті көрсеткіш 1,2 құрап отыр. Төсек корының көрсеткіші 48%.
«Жансақтау бөлімшесінде 121 науқас жатыр. Оның ішінде ауыр жағдайда 58, өте ауыр халде 68. Соңғы тәулікте 16 адам қайтыс болды. Облыс аймағында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда 52 екпе егу пункті бар. Оның ішінде 38-і медициналық ұйымдардарда орналасқан, ал 14-і жылжымалы егу пункті. Дегенмен облыс бойынша вакцина алу көрсеткіші төмен. Осы орайда барша тұрғындарды екпе алуға шақырамын», - деді Ғазиз Надуев.