Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9 «Е» оқушысы Деміржан Шорман VII «Шекарасыз математика» халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Деміржан Шорман 60-тан аса қатысушыдан басым түскен.
«Турнирдің ақтық кезеңі 6 тамыз күні Алматыдағы «Тұран» университетінде өтті. Ал оған дейін қатысушылар 31 шілдеден бастап жазғы математикалық лагерьге қатысып, олимпиада тапсырмаларын орындап, есептердің шешімін таптық», - дейді Деміржан.
Жазғы лагерь барысында қатысушыларға қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды.
«Турнирде жетекшім Қадырбек Сансызбайұлының үйреткен ілімі мен тактикасы өз нәтижесін көрсетті. Нақты білімге қызығушылығым осы турнирден кейін екі есе артты. Ол үшін мектебіме, жетекшіме, ата-анама алғыс білдіремін», - дейді қола медаль иесі.