Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында жүк көліктерінің жолда жүру ережелерін бұзу мәселесі қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жарты жылда облыста жылжымалы бекеттерді тексеру барысында заң бұзушылық жасаған жүк тасымалдаушылардан 31млн 423 мың теңгеге айыппұл өндірілген. Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, жарты жылда барлығы 1 338 автокөлік тексеріліп, 305 тасымалдаушыдан жалпы 268 млн 251 мың теңге өндірілді.
Жарты жылда атқарылған жұмысын қорытындылаған көліктік бақылау инспекциясы басшыларының жұмысын облыс әкімі сынға алды.
«Өңірдегі жаңа салынған жолдар, оның ішінде «Шетпе-Жетібай» автожолы ауыр жүк көліктерінің мөлшерден тыс жүк тиеуіне байланысты мерзімінен бұрын бүлініп жатыр. Мұны тоқтату керек, жұмысты дұрыс жүргізбей отырсыздар. Карьерлердің басынан жүк тиелген сәттен түсіндіріп, шектеу қойылуы керек», - деп облыс әкімі жұмысты күшейтуді тапсырды.
Айта кетсек, карьерлер бойынша жарты жылда жылжымалы бекеттермен 61 каръерлік жүк тасымалдаушыға 21 млн 367 мың теңге айыппұл салынды. 65 жүк жөнелтуші 5 млн 236 мың теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыста бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған 239 карьер бар. Олардың 153-і ұлу тас карьері, қалған 84-і қиыршық тас және құм карьерлері, екеуі тұз және бір бор карьері.