Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында мұғалімдер мен студенттердің екпе алуы мен білім ордаларындағы қауіпсіздік шаралары талқыланды. Аппараттық жиында білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы ақпарат берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Білім басқармасының басшысы С. Түлебаеваның айтуынша 1 қыркүйекте дәстүрлі форматта сабақты бастап кету үшін мектеп педагогтары мен техникалық персоналды вакцинациядан өткізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Барлық білім беру мекемелеріне Ashyq жобасы енгізілді.
Бүгінгі таңда вакцинаға қарсы көрсеткіші жоқ педагогтар мен мектептің кіші қызметкерлері барлығы түгел екпе алған. Сонымен қатар, балабақша, қосымша білім беру мекемелері, колледж қызметкерлерінің 93,5%-ы вирусқа қарсы егілген. Апта аяғына дейін қалған қызметкерлер толық вакцинацияланбақ.
Ал Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің басшысы Б.Ахметовтың мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында студенттердің қауіпсіздігі үшін бірқатар өзгертулер енгізілген.
Мәселен, бакалавриаттың 1 курс студенттері осы жылдың желтоқсан айына дейін онлайн режимде білім алады. Өйткені ережеге сәйкес бірінші курстың 18-ге толмаған студенттері екпе алмайды. Ал 2,3,4 курстары, магистранттар, докторантураның 1 курс студенттері оффлайн режимде оқиды. Лекция сабақтары онлайн режимінде өтетін болса, семинар мен лаборатория сабақтары офлайн режимінде болады.
Ұжымдық иммунитет қалыптастыру мақсатында оқытушылар құрамы мен 18 жастан асқан студенттер екпе алып жатыр. 1 қыркүйектен бастап университетке кіру Ashyq жобасы арқылы жүзеге асады. Тек жасыл белгісі жанған студенттер мен оқытушылар ғана білім ордасына кіре алады.