Ақтау қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Маңғыстау облыстық футбол федерациясы» және «Маңғыстау азаматтық бастамаларының орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен шағын футболдан «26 CUP» ашық турнирі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Турнир 26 шағынаудандағы жастай өмірден озған боздарқтарды еске алуға арналды. Жарысқа шағынаудан тұрғындары қатысты.
Шағын футболда 10 командадан құралған белсенді тұрғындар бақ сынасты. Шараның ашылу рәсіміне қоғамдық ұйым басшылары мен облыстық «Бекет ата» мешітінің Бас имамы арнайы қатысып, сөз сөйледі.
"Шараны өткізудегі негізгі мақсатымыз - шағынаудандағы тұрғындарымыздың ауызбіршілігі, салауатты өмір салтын насихаттау, жастарымызды тәрбиелі істерге баулу. 26 шағынауданнан енді өмірге қанат қағып келе жатқанда өмірден озған жас азаматтарымызды еске алып, әр командадан құралған турнир жасап жатырмыз. Шарамыз ойдағыдай өтіп жатыр, атсалысқан азаматтарымызға алғысымызды білдіреміз", - дейді «Маңғыстау азаматтық бастамаларының орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кенжеғали Суйеуов.
"Осындай жарыс ұйымдастырылып, өз басым аға мен іні арасындағы жылулықты сезінгендей әсерде болып тұрмын. Мұндай жарыстар көптеп ұйымдастырылса екен дейміз. Менің жан досым Айдын Тұраров бауырымның өмірден 21 жасында озғаны қатты жүргемізге батады. Өмірдің аты – өмір. Бауырымыздың ортамызда жоқтығына биыл 4 жылдай уақыт болды. Бүгін қимас бауырымды еске алып, турнирге келіп бақ сынап жатырмыз. Аяулы досымыздың жатқан жері жарық болсын!"- дейді 3-ауланың тұрғыны Абайбек Халелов.
Жарты күнге созылған тартысты турнирде қызықты ойын болды, бірқатар команда үздіктер қатарында топ жарды.
Атап айтқанда І орынды «26 ххх» командасы қанжығасына байлады. Ал ІІ орынды «3 аула» командасы еншілесе, ІІІ орынды «Парасат» құрамасы иеленді. Үздіктер қатарында көрінген 3 құрамаға арнайы ақшалай сыйлықтар мен кубоктар табысталды.
Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ