Мемлекет идеологиясының күретамыры – ауылды көркейтуден басталатыны сөзсіз. Руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың бастауы болған мекенді көтеру мақсатында мемлекет тарапынан қолдау да аз емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай ауылдың экономикалық тұрғыдан дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы сүбелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Маңызды жобалар мен тың бастамалардың арқасында ауыл өміріне жағымды өзгерістер де енгізілді.
Қазіргі таңда ауылшаруашылығы саласында өз өнімдерімізді көбейту мен мал басын арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау ретінде субсидиялау шаралары жасалуда. Десе де, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдайдың тұрақталғанына қарамастан, салада біршама проблемалар сақталып келеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі республика бойынша соңғы 5 жылдықта агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялау бағытындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін кешенді сыртқы талдау жұмыстарын бастады.
Биылдың өзінде агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауға 500 млрд.теңге мемлекеттік қолдау көрсетілгенімен, оны қажет ететін субъектілерге бөліну барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол беру ықтималдылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Себебі, субсидиялау саласында бірыңғай жауапты бақылаушы органның болмауы, нормативтік құқықтық актілердің жиі өзгеріске ұшыруы және субсидия алуға кезекке тұру мен бөлінуінде ашықтықтың қамтамасыз етілмеуі сияқты маңызды мәселелердің салдарынан жемқорлық тәуекелдері жоғары болып отыр.
Агроөнеркәсіптік кешендегі субсидиялау жұмыстарына талдау жүргізу арқылы субсидияларды алу үшін өтінім тапсыру және оны алудың ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық пен кәсіпкерлікті жүргізуге тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді жоюды мақсат етіп отырмыз.
Сондай-ақ, тәуекелдерді жою мақсатында шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірлері зерделеніп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мәселелерінің тізілімі жасақталады және субсидияландырудың экономикалық тиімділігі бағаланатын болады.
Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің мамандары арнайы ведомствоаралық жұмыс тобын құрып, статистикалық мәліметтерді, нормативтік құқықтық актілер мен өңірлерде субсидия берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері, азаматтардың өтініштерін зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Осыған орай, барлық проблемалық сұрақтар және сыбайлас жемқорлық деректері бойынша ақпараттарды mangistau.antikor@gmail.com поштасына, сондай-ақ, 8 702 262 02 02, 8 778 985 51 68 WhatsApp нөмірлеріне хабарлай алатынын қаперлеріңізге береміз.
Жұмыс тобының өкілдеріне Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің жанындағы Antikor-орталықтары арқылы жүгіну мүмкіндігі де қарастырылған.
Өңір тұрғындарын агроөнеркәсіптік кешенін субсидиялауға қатысты жүргізілетін талдауға атсалысуға шақырамыз. Ашық әрі адал бола алтын ізгі қоғам құру – баршамыздың міндетіміз.
Болат Жылқыбаев
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы