Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің жанынан құрылған Ақпараттық ағарту штабының «Жемқорлық-балалар көзімен», «Адалдық-сәбилер сөзімен» атты оқушылар мен сәбилер арасындағы онкүндік акциясы аяқталды. Бұл туралы штаб жетекшісі Ағлен Таласбаева «Antikor» орталығында өткен тікелей эфирде баяндады.
Оның айтуынша, балалар арасында ұйымдастырылған акцияның мақсаты – жас ұрпақты тал бесіктен тәрбиелеп, ұлттық құндылықтармен сусындату, қазақы тәрбие беру. Сондай-ақ, штаб мүшелері өскелең ұрпақтың бойына жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, адалдық, парасаттылық қағидаттарын ілгерілетуді мақсат еткен.
«Жемқорлық-балалар көзімен», «Адалдық-сәбилер сөзімен» акцияларының аясында балалар жалынды сөздері мен қоғамды өзгерту жолындағы пікірлерін ортаға салған. Ізгі қоғам құру мен адалдық принциптерін насихаттаған науқан қорытындысы бойынша белсенді жастарға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Жылқыбаев Болат Нұрғазыұлының «Алғыс хаттары» табысталды.
Тікелей эфир барысында көрермен тарапынан келген сұрақтарға жауап бере отырып, штаб жетекшісі Ағлен Таласбаева ой тастау мен шабыт беру - бізден, талап - баладан, жетекшілік - ұстаздан, қолдау – ата-анадан, қолпаштау – ел мен жұрттан болу керектігін атап өтті.
Айта кетейік, Ақпараттық ағарту штабы алаңында акция жұмыстарынан кейін «Адамдықты іздесең, Абайды оқы», «Мен жастарға сенемін» деп аталатын жаңа рубрикалар жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, жас ұрпаққа жүріп өткен сара жолын баяндап, адалдықты дәріптейтін ел жанашырларының қатысуымен «Ой түбінде жатқан сөз...» хабары тұрақты түрде түсіріліп, көрермен сұранысына ие болды.
Эфир соңында қонағымыз Ағлен Таласбаева «қалай болғанда да, үлкен бір науқанды шаруа жасалды. Осыған атсалысқан барлық аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің басшылары мен жауапты әдіскерлерге, штабтың аудан, қалалардағы жетекшілеріне зор алғысымызды білдіреміз», деп атап өтті.