Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Венгрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаи Галошфайды қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Екіжақты кездесуде Маңғыстау облысы мен Венгрия арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту, өңір аралық кәсіпкерлікті дамытудың инвестициялық мүмкіндіктері талқыланды.
«Облысты дамытудың басым бағыттарының бірі – көлік логистикасы, туризм, агроөнеркәсіптік кешен және энергетика. Мысалы, АӨК саласында табиғи күн сәулесінің ұзақтығын, мал шаруашылығын, атап айтқанда балық шаруашылығын дамытуды ескере отырып, жылыжай шаруашылығына назар аударуға болады. Ыңғайлы орналасуы, бай тарихи мұрасы мен көрікті жерлері туризмді дамытуға мүмкіндік береді", - деді С.Трумов.
Сондай-ақ, кездесуде С.Трұмов баламалы энергия көздерін дамыту мүмкіндігін атап өтті. Маңғыстау облысының климаттық жағдайы аймаққа қосымша электр энергиясын жеткізу үшін күн және жел электр станцияларын салуға мүмкіндік береді.
Михаи Галошфайд қасиетті Маңғыстау жеріне келгеніне қуанышты екенін айтып, өңірмен тығыз экономикалық байланыс орнатуға мүдделі екенін жеткізді. Ол Қазақстан мен Венгрияның ортақ тарихи, туыстық байланыстар бар екенін айтты.
«Бүгінгі таңда Қазақстан Венгрияның Орталық Азиядағы жалғыз стратегиялық әріптесі. Ал Венгрия Шығыс Орталық Еуропа елдерінің арасында Қазақстанның жалғыз стратегиялық серіктесі болып табылады. Жыл сайын Мажарстан қазақстандық студенттерге 200-ден астам грант бөліп отыр», - деді М.Галошфайд.
Айта кетсек, Маңғыстау облысы мен Венгрияның сыртқы сауда айналымы 2021 жылғы қаңтар-сәуірде 8,78 мың АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 94% - ға төмен (142,62 мың АҚШ долл.)