Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Серікбай Трұмов Мағыстаудағы телеарна, басылымдар мен сайттардың журналистері мен сала ардагерлерін құттықтап, өңірдің медиа кеңістігін дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Маңғыстау өңірінің бұқаралық ақпарат құралдары әрдайым жоғары жауапкершілік және кәсіпқойлықпен ерекшеленеді. Аймақта ресми тіркелген 51 БАҚ бар. Оның 3 телеарна, 2 радиостанция, 6 ақпараттық агенттік және 37 баспа БАҚ. Бүгінде олар заман көшінен қалмай, жаңа медианы меңгеріп, елдікті сақтау, азаттықты баянды ету жолында абыройлы қызмет атқарып келеді. Елді игі іске жұмылдырып, берекені арттырып, татулықты нығайтуда билік пен халық арасында алтын көпір болып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі қашанда жоғары бағалаймыз. Сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіре отырып, баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс пен шалқар шабыт тілеймін», - деді С.Трұмов.
Салтанатты шарада өңір басшысы Тәуелсіздік алған жылдардан бастап баспасөз ісі мен телерадионы дамытуға сүбелі үлес қосқан ардагер журналист Г.Науырша мен Л.Петриченкоға «Еңбек ардагері» төсбелгісін тақты. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатымен Қоғамдық коммуникация орталығының басшысы Ә.Ауданбаева және «Маңғыстау» телеарнасы директорының орынбасары Г.Қалдыбаева марапатталды.
Сонымен қатар, сан салада болып жатқан оң өзгерістер жайлы қалам ұштап жүрген бүгінгі ақпарат айдынының майталмандары – облыстық «Маңғыстау» газетінің тілшісі Ү.Қашаубаева, «Маңғыстау» телеарнасының бас редакторы С.Рзахметов, «Жаңаөзен» газетінің редакторы Г.Бөлекбаева, «AQTAU» телеарнасының бас редакторы Ә.Бимағамбет, ақын-журналист А.Шамшадинова, «Атамекен бизнес» каналы және «Заң» газетінің меншікті тілшісі Ж.Әбіл «Ақпарат саласының үздігі» атанды.
Сондай-ақ, абыройлы міндеттің жауапкершілігін сезініп, өз қызметін мүлтіксіз орындап жүрген бірқатар мамандар Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет грамотасымен» және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Алты бейнеоператор мен инженерге ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде кәсіби шеберлігін арттыруға жолдама берілді.
Жиын соңында БАҚ қызметкерлері күніне орай өткізілген ерлер арасындағы шағын футболдан және қыздар арасындағы волейболдан облыс әкімі кубогының жеңімпазы атанған «Жаңаөзен» телеарнасының командаларына қаржылай сертификат табысталды.