28 маусым – БАҚ қызметкерлерінің күніне орай қала әкімі Н.Қилыбай журналистика саласында сүбелі еңбек еткен ардагерлерді және телеарна, ақпараттық портал журналистерін кәсіби мерекемен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Халық пен билік арасын жалғаушы қоғам өкілдеріне арналған құттықтау сөзінде қала әкімі «Сіздер күнделікті дүйім жұртқа елдегі және әлемдегі ең маңызды деген жаңалықтарды жеткізіп, өзекті тақырыптарды қозғап, шешімін табу жолында еңбектеніп жүрсіздер. Алдағы уақытта да осы қалыптарыңыздан айнымай, қоғамды толғандыратын өткір проблемалардың ортасында жүреді деп сенемін. Қаламдарыңызға қызықты тақырыптар ілінсін. Жазған әр туындыларыңыз адамдарды жақсылық жасауға, жарық әлемді нұрландыруға жетелесін! Кәсіптеріңізге өрлеу, шығармашылықтарыңызға сәттілік, еңбектеріңізге табыс тілеймін», - деді.