Республика аумағын карантиндік нысандардың енуінен қорғау және өсімдіктер карантині заңнамаларының орындалуын бақылау мақсатында мемлекеттік фитосанитариялық бақылау және қадағалау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «Antikor» орталығы өткен тікелей эфирде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркəсіптік кешендері мемлекеттік инспекция комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Кенжеғали Машырықов мәлім етті.
Оның айтуынша, өсімдіктер карантиніне жатқызылатын өнімдердің барлығына Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге тасымалдау үшін фитосанитариялық, ал, ауылшаруашылығы өнімдерін облысаралық тасымалдау үшін Инспекция тарапынан қадағалау жұмыстары жұргізіліп, карантиндік сертификаттар беріледі. Қазіргі таңда карантиндік сертификаттарды беру қызметі бір күнде берілсе, фитосанитариялық сертификаттар үшін 3 күн ішінде беріледі.
Сондай-ақ, тікелей эфир барысында Кенжеғали Машырықов аталған сертификат түрлерін онлайн нысанда алуға болатынын айтты. Қызмет алушылар үшін сертификат беру тегін жүзеге асырылады.
Айта кетейік, эфир барысында Кенжеғали Машырықов Инспекцияның сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу бағытындағы жұмыстарды да атап өтті.
«Инспекцияда сыбайлас жемқорлық фактісі болған жоқ. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында мамандарға ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талаптарын сақтау, Әдеп нормаларын сақтау жиі ескертіліп, түсіндіру жұмыстары өтіп тұрады,» деді Кенжеғали Машырықов.