Әскери-теңіз күштерінде әскери даярлық шаралары өтті. Жылына екі рет болатын оқу кезеңдерінде диверсияға қарсы қауіпсіздікке ерекше назар аударылады.
Әскери қызметшілер жауынгерлік қару-жарақты кәсіби тұрғыда қолданып, белгіленген ауданға әскери техникамен жорықтар жасауы қажет. Жалпы, іс-шаралар қарапайымнан күрделіге қағидасы бойынша жүзеге асырылады.
Жазғы оқу кезеңіндегі әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруге Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілері қатысты. Сонымен қатар, кемелер де толықтай жұмылдырылған.
Бүгін Каспий теңізінің жағасында әскери теңізшілердің жауынгерлік даярлық аптасы аяқталды . Әдетте бұл шара жылына екі рет өтеді. Әскерилер жауынгерлік мүмкіндіктерін пысықтап, жазғы оқу жылына дайындығын жетілдіреді. Кемеде арнайы алгоритм бойынша тапсырмалар орындалады, - деді әскери-теңіз база командирінің орынбасары, 2-дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы.
Әскери теңізшілердің өздері атап өткендей, толық жауынгерлік әзірлікте болу үшін табандылық, батылдық, төзімділік, тәртіптілік пен еңбексүйгіштік қасиеттері қажет.