© inform.kz
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысындағы қуаңшылық мәселесі жөнінде пікір білдірді.
«Жалпы, қазір климаттық өзгерістер байқалуда. Оны бәріміз көріп те жүрміз. Негізі еліміздің су балансын қарасақ, 90-10 текше километрді құрайды, соның 50 пайызға жуығы сырттан келеді. Орталық Азия бар, Ресей бар, Қытай бар. Сондықтан біз сырттағы көршілерімізге тәуелдіміз. Жалпы Маңғыстау облысының су тапшылығы бұрыннан бар, жасырын емес, шөлейт дала. Сондықтан ондай жағдайлар байқалады», - деді М. Мырзағалиев «Керуен» сауда орталығында бөтелкелерді қайта өңдеуге қабылдайтын «Fandobox ecoplatform» автоматының таныстырылымында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта экологтер осындай мәселелерді зерттеп жатыр.
«Жалпы, судың ықтимал жетіспеушілігі мәселелері, әрине, туындап жатты. Біз жасай алатын ең маңызды нәрсе – суды тұтынуды азайту бойынша жұмыс істеу. Өйткені климаттық өзгерістер жүріп жатыр, оларды тоқтату мүмкін емес. Жай ғана олардың теріс әсерін азайтуға болады», - дейді Экология министрі.
Айта кетейік, соңғы жылдары Маңғыстау облысында құрғақшылық күшейіп, бұл шаруа қожалықтарына қатты әсер етіп жатыр. Жауын-шашының болмауы, тасымалданатын азықтың жетіспеуі, аймақтағы аптап ыстық малға күтім жасауға кері әсерін тигізіп отыр.