Маңғыстауда 17 кәсіпкерлік нысан «Аshyq» жобасынан 2 аптаға шеттетілді. Бұл туралы Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аққу Айтжан мәлім етті.
Оның айтуынша, жұмысын уақытша тоқтатқан 17 кәсіпкер жоба аясындағы талаптарды бұзған. Мәселен, 4 нысан келушілердің санын 50 пайыздан асырса, 1 нысан жұмыс режимін ұстанбаған. Ал қалғандары маскалық режимді сақтамаған.
«Қазіргі таңда Ақтау халықаралық әуежайында «Ashyq» қосымшасы пилоттық режимде жұмыс істейді. Тесттік режим барысында 1 күн ішінде 1032 сканерлеу жүргізіліп, нәтижесінде 1 қызыл статус анықталды. Алдағы уақытта жобаға теміржол вокзалын қосу жоспарлануда. Сондай-ақ балалар ойын-сауық кешендері де арнайы қосымшаға тіркеледі», - деді Аққу Айтжан.
Маңғыстау облысында 293 кәсіпорын «Аshyq» жобасы бойынша жұмыс істеуде. Оның ішінде 241 нысан ресми түрде жобаға енді, ал 33 нысан тесттік режимде қызмет атқарып жатыр.