Маңғыстау ауданына қарасты Ұштаған ауылында жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы бойынша фильм түсіріліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Түсірілім жұмыстары 25 мамырда басталды, 20 маусымға дейін жалғасады. Кинокартина үшін Алматыдан арнайы әртістер шақырылды. Басты рөлдердің бірін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемал сомдайды. Фильмнің режиссері — "Ақ боз үй" романы авторының ұлы Бекарыс Елубай.
""Ақ боз үй" өткен ғасырдың 30 жылдарындағы қазақ даласындағы ұжымдастырудың артынан ілесе келген ашаршылық жылдарын суреттейтін әдеби шығарма. Кинода ел басына түскен нәубет бір әулеттің тарихы ретінде баяндалады. Түсірілім жұмыстарын Ұштаған ауылынан бастап кеттік. Ауыл тұрғындары үлкен ықыласпен түсірілім тобына қатысып, өз көмектерін көрсетіп жатыр", - деді режиссер Бекарыс Елубай.